«Таза Қазақстан»: «Жасыл Ел» жастары 18 қап қоқыс жинап, табиғатты қорғауға үн қосты

0
186

Жастар күні бойы саябақ аумағында тазалық жүргізіп, 200-ден астам ағашқа су құйып, қоршаған ортаны жасыл желекпен көмкеруге атсалысты.


«Таза Қазақстан»: «Жасыл Ел» жастары 18 қап қоқыс жинап, табиғатты қорғауға үн қосты

ERNUR.KZ. Жастар саябағында «Жасыл Ел» жастарының бастамасымен «Таза Қазақстан» ауқымды экоакциясы аясында ерекше іс-шара өтті. Бұл іс-шара елімізде кеңінен танылған «Жасыл ел» бағдарламасының аясында ұйымдастырылды. Игі бастамаға 150-ден астам жас ерікті қатысып, табиғатты қорғауға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Жастар күні бойы саябақ аумағында тазалық жүргізіп, 200-ден астам ағашқа су құйып, қоршаған ортаны жасыл желекпен көмкеруге атсалысты. Шара барысында саябақ ішіндегі қоқыс пен арам шөптер жиналып, жалпы салмағы 150 килограмнан асатын 18 қап қалдық шығарылды.

Экологиялық шара мұнымен шектелмеді. Жастар арасында өткізілген «Кітап алмасу» акциясы да ерекше қолдау тапты. 30-дан астам жас өздері оқып шыққан кітаптарын жаңа кітаптарға алмастырып, білімге деген қызығушылықты, рухани байлыққа деген құштарлықты танытты. Бұл бастама жастар арасында оқу мәдениетін дамытудың тағы бір жолы ретінде бағаланды.

Сондай-ақ, 20-дан астам қатысушы үйлерінен арнайы алып келген пластикалық бөтелкелер мен ыдыстарды тапсырып, қайта өңдеуге жіберді. Бұл әрекет – күнделікті тұрмыста да экологиялық жауапкершілік таныту қажеттігін көрсетті.

«Бүгінгі шараның мақсаты – жастардың бойында табиғатқа жанашырлықты қалыптастыру, оларды қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үйрету. Жасыл орта – жарқын болашақтың кепілі. Бұл тек сенбілік емес, үлкен тәрбие мектебі», – дейді жоба жетекшісінің орынбасары Асылбек Абдурашитов .

«Жасыл ел» бағдарламасы жыл сайын мыңдаған жасты біріктіріп, елді мекендер мен саябақтарды абаттандыруға, орманды алқаптарды қалпына келтіруге үлес қосып келеді. Бұл – жастардың еңбекке, елжандылыққа және бірлікке бастар жол.