«Таза Қазақстан» бастамасы: қазақстандықтар экологиялық проблемаларды жедел шешуге қатысады

0
115

«Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетін дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде 2024 жылы және 2025 жылдың алғашқы алты айында бүкіл ел бойынша 874 экологиялық іс-шара өткізілді.


«Таза Қазақстан» бастамасы: қазақстандықтар экологиялық проблемаларды жедел шешуге қатысады

ERNUR.KZ. Олардың қатарында «Таза кәсіп – таза аймақ», «Киелі мекен», «Таза өлке», «Мөлдір бұлақ» сынды республикалық және халықаралық акциялар бар. Осы іс-шаралар барысында 1,4 млн тонна қалдық жиналып, елді мекендерде 2,4 млн астам ағаш отырғызылды. «Таза Қазақстан» бастамасының басты міндеті – әрбір азаматтың, әсіресе, жас ұрпақтың табиғатқа деген көзқарасын өзгерту. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансур Ошурбаев мәлімдеді.

«Біз қоршаған ортаны қорғау, оған ұқыпты қарауды жай ғана міндет емес, күнделікті өмір салтымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруға ұмтыламыз. Мысалы, ағымдағы жылдың 2 сәуірі мен 6 мамыры аралығында министрлік Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, жоғары сынып оқушылары арасында «Қазақстан экологиясын жақсартуға қандай үлес қосамын?» атты шығармалар байқауын өткізді. Ұсынылған мектеп жазбалары экологиялық хабардарлықтың жоғары деңгейін және балалардың табиғатты қорғауға деген терең қызығушылығын көрсетті. Оқушылар ластану мен климаттың өзгеруінің өзекті мәселелерін көтеріп, сенбіліктерден бастап қалдықтарды бөлек жинауға дейінгі нақты шешімдерді ұсынды. Байқау жастар үшін экологияның маңызды екенін растады: оқушылар хабардар болып қана қоймай, проблемаларды шешуге белсенді қатысуға дайын», – деді спикер.

Сондай-ақ вице-министр биыл ел бойынша 236 мектептен 12 мыңнан астам оқушы 36 мың тұқым отырғызғанын хабарлады.

Мансұр Ошурбаев ағартушылық жұмыстардан бөлек, азаматтардың экологиялық құқық бұзушылықтарға нөлдік төзімділігін қалыптастыру маңызды екенін атап өтті. Ол үшін цифрландыру құралдары белсенді қолданылады. Өткен жылы іске қосылған @TazaQazBot Telegram чат-боты тұрғындардың экология мен абаттандыру мәселелерін жедел шешуге қатысуы қаншалықты оңай екенін айқын көрсетті. Іске қосылған сәттен бастап 22 мыңнан астам өтініш келіп түсті, оның 21 мыңнан астамы шешілді. Тағы 242 өтінім орындалып жатыр. Көбіне пайдаланушылар қоқыстарды шығару, аумақтарды жинау, көшелерді абаттандыру және тротуарларды күтіп ұстау қажеттілігі туралы хабарлайды.

«Өтініштердің көп болуы адамдардың таза және жайлы Қазақстанды құруға бей-жай қарамайтынын және белсенді қатысатынын айқын көрсетеді. Бұл «Таза Қазақстан» бастамасы халық арасында сұранысқа ие болып, азаматтар қоршаған ортаның жай - күйі үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға дайын екенін растайды», – деп түйіндеді вице-министр.