"Тарихта тұңғыш рет!": Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары ордені қазақ дәрігеріне табысталды

0
88

Бүгін Бейжіңдегі Халық жиналысы сарайында салтанатты жиын ұйымдастырылды.


Фото: CCTV

ERNUR.KZ. Онда Қытай Коммунистік партиясының құрылғанына 105 жыл толуы кең көлемде тойланған, деп жазады inbusiness.kz.

Іс-шарада Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бас хатшысы, ҚХР төрағасы әрі Орталық әскери кеңестің төрағасы Си Цзиньпин мемлекет пен қоғамның дамуына ерекше үлес қосқан бірқатар тұлғаға Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты – "1 шілде" орденін тақты.

Осы жылы аталған жоғары марапатқа 8 адам ие болса, олардың қатарында қазақ ұлтының өкілі, дәрігер Оқас Сүлейменнің де есімі аталды.

Оқас Сүлеймен – шекаралық өңір тұрғындарының денсаулығын жақсартуға бар өмірін сарп еткен дәрігер. Ол 40 жылдан аса уақыт бойы ат үстінде жүріп, дәрі қобдишасын жанына серік етті.

Оқас Сүлеймен Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Тарбағатай аймағына қарасты Шәуешек өңірінің Дөрбілжін ауданы мал шаруашылығы ауруханасында ішкі аурулар бөлімінің бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеген. Ол 1975 жылдан бері 100 мыңнан аса науқасқа ем-дом жүргізіп, бірнеше мың ауыр халдегі пациенттің өмірін сақтап қалуға себепші болған. Сондай-ақ, 3200-ден көп нәрестенің дүниеге келуіне көмектескен.

Ауылдық денсаулық сақтау саласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін ол осыған дейін "Ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің үздік қызметкері", "Қытайдың 1 мамыр еңбек медалі", "Ұлттар бірлігі мен прогресінің үздік қайраткері" сияқты бірқатар мемлекеттік марапатты иеленген.

Жаза кетейік, "1 шілде" ордені – Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары партиялық марапаты. Орден Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің шешімімен тағайындалып, марапатты ҚКП Орталық комитетінің бас хатшысы табыстайды. Ол 2017 жылдың 22 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілген және 5 жылда бір рет Қытайдың әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан партия мүшелеріне табысталады.

Марапат тағайындалғаннан бері оған барлығы небәрі 37 адам ие болды. Оқас Сүлеймен – аталған жоғары марапатқа ие болған тұңғыш ұлты қазақ азамат.