Таразда соққыға жығылған депутатқа қатысты тың деректер шықты

0
138

Жанжал телефон қуаттамақ болған сәтте басталған.


Таразда соққыға жығылған депутатқа қатысты тың деректер шықты

фото: ашық дереккөзден

ERNUR.KZ. Алматы облысы Іле аудандық мәслихатының депутаты әрі заңгер Нұрлан Байғазиев Таразда өзіне жасалған шабуыл туралы жеке көзқарасын бөлісті, деп жазады ulysmedia.kz.

Байғазиевтің айтуынша, жанжал телефон қуаттамақ болған сәтте басталған. Ол өзге отбасы балаларымен отырған үстелдің жанында тұрған тоққа телефонын қосқан.

– Телефонымды алып, қуаттауға қостым, бірақ қолымнан түсірмеген едім. Сол кезде бейтаныс ер адам келіп: «Мұнда қоспаңыз, басқа жақта қойыңыз», – деді. Ол ашық түрде қоқан-лоқы жасай бастады. Мен оған бұл – қоғамдық орын екенін, оның әрекеті дұрыс емес екенін айттым, дейді ол.

Айтуынша, сол сәтте күдікті қара сөмкесінен бір затты алып, Байғазиев отырған жаққа қарай беттеген. Бұл сәттің бәрін депутат видеоға түсіріп жатқан.

– Ол маған жақындап келді, ары қарай не болғанын есімде жоқ. Сол жақ бетімнен ұрды. Қолында кастет пе, басқа зат па — білмеймін. Мен тек телефонымды қуаттағым келген еді, – дейді Байғазиев nur.kz сайтына берген сұхбатында.

Нұрлан Байғазиев оқиға кезінде Тараздағы танысы, Бауыржан есімді азаматпен бірге болғанын айтты.

– Сағат 17:30 шамасында ол мені ұрып, мен құлап түстім. Сол кезде ол менің басым мен денеме тепкілей бастаған. Мұның бәрін жанымда болған Бауыржан көріп тұрған. Ол – Тараз қаласының дәрігері. Ол әрең тоқтатып, полиция шақырған.

Кейін тәртіп сақшылары келіп, күдіктіні сол жерде ұстаған. Барлығын Тараз қаласындағы №1 полиция бөліміне жеткізген.

Полиция бөлімінде Байғазиев өзін жайсыз сезініп, жедел жәрдем шақыртқан. Ол Тараз қалалық орталық ауруханасына жеткізілген. Дәрігерлер оған сол жақ бет сүйегінің ығысып сынғанын анықтап, шұғыл операция жасауды ұсынған.

Байғазиевтің сөзінше, ауруханаға жедел-тергеу тобы келіп, күдікті де сонда жеткізілген. Депутаттың айтуынша, сол жерде ер адам оған тағы да қоқан-лоқы көрсеткен.

Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 293-бабының 1-бөлігі (бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілген.