Таразда босанған әйел қайтыс болған: жақындары дәрігерлерді кінәлады

0
265

Салтанат Нышанбай Тараздағы Перинаталдық орталықта көз жұмған.


Таразда босанған әйел қайтыс болған: жақындары дәрігерлерді кінәлады

фото: pixabay.com

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында босанғаннан кейін 30 жастағы әйел қайтыс болды. Марқұмның жақындары медицина қызметкерлерін салғырттық танытты деп айыптап, тергеу жүргізуді талап етіп отыр, деп жазады ulysmedia.kz.

Салтанат Нышанбай Тараздағы Перинаталдық орталықта көз жұмған. Ол ұлын көріп үлгермеген. Нәресте кесарь тілігі арқылы мерзімінен бұрын дүниеге келген. Дәрігерлер жаңа туған сәбиді күткен кезде, әйелдің өзі шамамен үш апта бойы ауыр халде жатқан. Марқұмның күйеуі соңына дейін әйелін де, баласын да үйіне алып кетемін деп үміттенгенін айтады. Алайда ол үйіне тек ұлымен ғана оралған. Қазір екі бала – жаңа туған сәби мен 5 жастағы ұл – анасыз өсіп жатыр.

Салтанаттың әпкелерінің айтуынша, отадан кейін әйелде сепсис басталған. Олардың сөзінше, инфекция дер кезінде анықталмаған. Туыстары сондай-ақ әйелдің келісімінсіз жатыры алынып тасталғанын, содан кейін жағдайы күрт нашарлағанын алға тартады. Ол үш апта бойы өмір үшін күресіп, ақыры қайтыс болған.

Отбасының пікірінше, қиындықтар жүктілік кезінде-ақ басталған. Олардың айтуынша, Салтанатты МӘМС бойынша қарызы болғандықтан есепке қоймаған. Әйел өзін нашар сезініп, есінен танып қалғанын айтып шағымданғанымен, көмек көрсетілмеген көрінеді. Ауруханаға ол ауыр халде жеткізілген. Жақындары жерлеу кезінде марқұмның денесінен ауыр асқынулардың белгілерін байқағандарын айтады. Олар науқасқа тиісті деңгейде бақылау жасалмағанына сенімді.

Клиника тағылған айыптауларды растамай да, жоққа да шығармай отыр. Ана өлімі фактісі тіркелген. Қызметтік тексеріс тағайындалды.

Ведомство өкілдері бұл – жыл басынан бері өңірде тіркелген босанушы әйел өлімінің алғашқы жағдайы екенін хабарлады. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүргізіліп жатыр.