​Таразда әскери қызметшілер майдангерлер үшін Жеңіс парадын ұйымдастырды​

0
145


​Таразда әскери қызметшілер майдангерлер үшін Жеңіс парадын ұйымдастырды​

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Тараз гарнизоны әскери бөлімшелерінің әскери қызметшілері ардагерлер үшін "үй жағдайындағы" ерекше парад ұйымдастырды.

Бұдан бірнеше жыл бұрын, ардагерлерге орталық алаңдарға бару қиындай бастағанда, Құрлық әскерлерінің "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы олардың үйлерінің алдында шағын парадтар өткізуді бастаған болатын. Бұл дәстүр кейінгі жылдары тұрақты түрде жалғасын тауып келеді.

Биыл бұл шара ауқымдырақ өтті. Оған "Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығының бөлімшелерімен қатар, Әуе қорғанысы күштерінің, атап айтқанда, Ұшқышсыз ұшу аппараттары мамандарын даярлау оқу орталығының әскери қызметшілері, ҰҚК Шекара қызметі департаменті мен Ұлттық ұлан өкілдері де қатысты.

Қазіргі таңда Жамбыл облысында бар болғаны бес майдангер тұрады. Олардың барлығы Тараз қаласында тұрып жатыр. Жастары ұлғайғандықтан, бұқаралық іс-шараларға қатыса алмайды. Дегенмен ұрпақтардың алғысы мен құрметі оларды назардан тыс қалдырмады. Әскери шеру ардагерлер тұратын аулаларда өтті.

Ардагерлер аулаға шығып, салтанатты шеруді өз көздерімен тамашалады. Бұл оларға ерекше әсер етті.

"Оңтүстік" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев майдангерлерді арнайы келіп құттықтады. Ол елордадағы парадқа қатысып, түнде Таразға келіп жеткен.

“ Біз батырларымыз өздерін қамқорлықта сезінуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек", – деді қолбасшы.

Қорғаныс министрінің атынан әр ардагерге естелік сыйлық пен құттықтау хаты табыс етілді. Сондай-ақ Тараз гарнизонындағы әскери бөлім командирлері де ардагерлерді құттықтады.

Ардагерлерге облыстық және қалалық әкімдік өкілдері, мектеп оқушылары, "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері де келіп, гүлдер мен сыйлықтарын табыстады.