Танымал журналист Индира Жылқайдарова өмірден озды

0
127

Ол ұзақ жылдар бойы "Хабар" агенттігі мен "Жетінші арнада" қызмет еткен.


Танымал журналист Индира Жылқайдарова өмірден озды

Фото: khabar.kz

ERNUR.KZ. "Хабар" телеарнасының журналисі Индира Жылқайдарова өмірден өтті. Бұл туралы журналистің әріптестері әлеуметтік желілерге жазба қалдырып, қазаны күйзеліспен жеткізді, деп жазады inbusiness.kz.

– Индира Жылқайдарова өмірден өтті… Біз Индирамен 7-арнада бірге жұмыс істедік. Ол өте мейірімді, жанашыр, үнемі күлімдеп жүретін жан еді. Өз ісіне адал, кәсіби деңгейі жоғары, мықты журналист болатын. Бір кездері редакцияның күнделікті тіршілігін, эфир мен жұмыстың қызығы мен шыжығын бірге бөліскен жас әріптестерің туралы осындай қаралы хабар есту өте ауыр… Жатқан жерің жайлы болсын, Индира! Жарқын бейнең мәңгі жадымызда қалады, – деп жазды белгілі тележүргізуші Сандуғаш Сұлтан Facebook парақшасына.

Әріптестерінің айтуынша, журналист соңғы жылдары ауыр дертпен күрескен.

– Дүние жалған….Мына аспан, қала мен дала, тіршіліктің бәрі жалған, бәрі қалады… Өмірді бітпейтіндей, күніміз таусылмайтындай ойлаймыз… Жанымыздағы адамдар үнемі бірге жүретіндей сенеміз. Алыстаса, қайта жолығамыз деп ойлаймыз. Бірақ әр сәт, әр адамның бағалы екенін ұмытып кетеміз. Әттең….
Жарқыраған Индираны да солай ойладық, ортамызға оралады, қайтадан жайнап, қадамын нық басып, басын тік ұстап, өткір сұрақтарымен Үкімет, Парламенттен мықты сюжеттерін Khabartv "Жаңалықтары", "Жеті күнде" жазады деп сендік. Жалған өмір ай… Ол болмысы бөлек, мінезді қыз еді. Жазуы бөлек еді. Ешкімге ұқсатпай жазғанды ұнататын. Мәтінін мақтасаң балаша қуанатын. Сырқаттанғалы желіде хабарласып жаза қалсаң, лезде жауап беретін, қуанып….Оралғым келеді тезірек орталарыңызға дейтін… Көп арман-тілегі орындалмады ау, – деп жазды әріптесі Бағдат Әбдухожаева.

Индира Жылқыайдарова ұзақ жылдар бойы депутаттардың қызметі мен Парламенттегі заң шығару процесі жайлы материалдар әзірледі.

2020 жылы "Парламент сөзі" сыйлығында "Үздік телевизиялық сюжет" номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

2021 жылы "Аманат" байқауында мемлекеттік тілдегі үздік телевизиялық материал номинациясы бойынша лауреат атанды. Білікті журналист қоғамдағы өткір тақырыптарды көтеріп, көрерменнің жүрегіне жол тапты.