Су қоймаларының жұмыс режимдері күн сайын реттеледі

0
301

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі гидрологиялық жағдайды, су түсімі болжамдарын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимдерін күн сайын реттеп отырады.


Су қоймаларының жұмыс режимдері күн сайын реттеледі

Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану комитетінің төрағасы Сейілбек Нұрымбетов ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында су ресурстарының жағдайы жайында баяндады. Оның мәлімдеуінше, бүгінде еліміздің ірі су қоймаларында 64,2 млрд м³ су жинақталған, бұл олардың жобалық көлемінің 75%-ын құрайды. Сонымен қатар қолда бар су қоры ағымдағы суару маусымының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі гидрологиялық жағдайды, су түсімі болжамдарын және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің қажеттіліктерін ескере отырып, су қоймаларының жұмыс режимдерін күн сайын реттеп отырады. Мұндай жұмыс тәртібі жағдайдың өзгеруіне жедел ден қоюға және барлық өңірлерде судың тұрақты берілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ ол негізгі бассейндердегі ахуалды сөз етті.

«Балқаш-Алакөл бассейні. Су қоймаларының толуы 86%-ды немесе 16,5 млрд м³ құрайды (Қапшағай, Бартоғай, Бестөбе, Күрті). Алматы облысында 130 мың га алқап бойынша 6 960 шарт, Жетісу облысында 155 мың га алқап бойынша 8 847 шарт жасалды. Күрті су қоймасы аймағында су тапшылығының алдын алу мақсатында 26 шақырым суару арналары тазартылды, шаруалармен су пайдалану лимиттерін сақтау және егіс алқаптарын орналастыруды оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде су шығынын шамамен 12 млн м³-ке қысқарту жоспарлануда. Бүгінде су беру штаттық режимде жүзеге асырылуда. Шу-Талас су қоймаларының толуы 69%-ды немесе 831 млн м³ құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 493 млн м³-ке артық. Жамбыл облысында 68 мың га алқап бойынша 3 938 шарт жасалды», – деді спикер.

Қырғыз Республикасымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде Талас өзені бойынша су беру көлемі 340 млн м³-тен 420 млн м³-ке дейін ұлғайтылды.

Қосымша Шу өзенінде Георгиев каналына су жеткізу үшін сорғы станциялары орнатылды, бұл Қордай ауданының тұрақты сумен қамтамасыз етілуіне мүмкіндік берді. Су шаруашылығы жағдайы тұрақты күйінде қалып отыр.

Арал-Сырдария бассейнінде ірі су қоймаларының толуы 36%-ды немесе 3,1 млрд м³ құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,5 млрд м³-ке артық.

Түркістан облысында 378 мың га алқап бойынша 14 004 шарт, Қызылорда облысында 119 мың га алқап бойынша 1 012 шарт жасалды. Мемлекетаралық үйлестіруші су шаруашылығы комиссиясының отырысы қорытындысы бойынша Шардара су қоймасына 2,8 млрд м³ көлемінде су келуі келісілді.

20 шілдедегі жағдай бойынша нақты 2,9 млрд м³ су келіп түсті, бұл бекітілген кестеден 836 млн м³-ке артық. Бұл Түркістан және Қызылорда облыстарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Мақтаарал және Жетісай аудандарының шаруаларын суармалы сумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Машканалдан секундына 20 м³ көлемінде су беру арқылы «Достық» каналына қосымша су жеткізу ұйымдастырылды. Бұл шілде айында суға қажеттілігі ең жоғары кезеңде мақта алқаптарын тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.

Қалған бес бассейнде су шаруашылығы жағдайы тұрақты. Қолда бар су ресурстары барлық су пайдаланушының қажеттіліктерін қамтамасыз етуге жеткілікті.

Министрлік вегетациялық кезеңнің өтуіне күн сайын мониторинг жүргізуді жалғастыруда.

Вегетациялық кезеңдегі негізгі жүктеме дәстүрлі түрде суармалы егіншіліктің негізгі алқаптары шоғырланған бес оңтүстік өңірге тиесілі. 20 шілдедегі жағдай бойынша жасалған шарттарға сәйкес 1 млн га жуық алқапқа 10,7 млрд м³ су алу жоспарланса, нақты 7,5 млрд м³ су алынып, 710 мың га алқап суарылды.