Денсаулық сақтау министрлігі заң нормаларын түсіндірді.
фото: Рixabay/stevepb
ERNUR.KZ. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан медициналық кепілдіктердің бірыңғай пакетіне көшеді, деп жазады sputnik.kz.
Ведомствоның мәліметінше созылмалы аурулары бар барлық науқас ем-шара мен дәрі-дәрмекті бұрынғыдай ала береді.
"Өзгерістер денсаулық сақтау жүйесін әділ, тұрақты және барлығына қолжетімді етуге бағытталған", - деді министрлік.
Биыл 14 шілдеде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң қабылданды. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша алғаш рет өңірлерге азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын (D және Е санаттары) сақтандыруға мүмкіндік беретін қаржылық тетіктерді көздейтін нормалар енгізілуде.
Бұл қосымша 1 миллионнан астам азамат үшін медициналық көмек қолжетімді болады, деп атап өтті денсаулық сақтау министрлігі.
"Мемлекет бұрынғыдай азаматтардың барлық жеңілдетілген санатына, соның ішінде балаларға, жүкті әйелдерге, зейнеткерлерге, студенттерге, мүгедектігі бар адамдарға және жұмыссыздарға қатысты өз кепілдіктерін сақтайды. Бұл жалпы алғанда 11 миллионнан астам қазақстандық, оның ішінде сал ауруы бар барлық пациентке қатысты", - деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Еске сала кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі әлеуметтік маңызы бар аурулардың жаңартылған тізімін жариялаған болатын.
Министрдің бұйрығына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінен бірнеше диагнозды алып тастауға шешім қабылданды. Атап айтқанда, 2026 жылы 1 қаңтардан бастап қант диабеті, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм мен дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы тізімге кірмейді. Оның орнына инсульт пен эпилепсияны енгізді.
Жаңартылған тізім:
туберкулез;
адамның иммун тапшылығы вирусынан (АИТВ) туындаған ауру;
созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр циррозы;
қатерлі ісіктер;
психикалық, мінез-құлық бұзылулары (аурулар);
жедел миокард инфаркті (алғашқы 6 ай);
дәнекер тіннің жүйелі зақымдануы;
жүйке жүйесінің дегенеративті аурулары;
орталық жүйке жүйесінің демиелинизациялаушы аурулары;
орфандық аурулар;
эпилепсия;
инсульт (ауруға шалдыққаннан кейін 1 жыл бойы).
Айта кетері, әлеуметтік маңызы бар аурулар медициналық сақтандырудың бар-жоғына қарамай тегін емделеді.


