2024-2025 оқу жылын еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындыласа, оның ішінде 217 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады.
ERNUR.KZ. Қазақстанда дәстүрлі түрде 34 аптаға созылатын оқу жылы өз мәресіне жақындап қалды. Биыл 11-сынып түлектері үшін салтанатты шаралар мектеп әкімшілігінің шешіміне сәйкес 23 немесе 24 мамырда өтеді, деп жазады baq.kz.
Оқу-ағарту министрлігінің дерегінше, 2024-2025 оқу жылын еліміз бойынша 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындыласа, оның ішінде 217 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасады.
23 мамыр күні еліміздің барлық білім ордаларында "Білімім – Отаныма" тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Бұл – оқушылар мен мұғалімдер үшін оқу жылының қорытынды сәтін бірге атап өтетін маңызды күн. Сабақ барысында оқу процесінде жеткен жетістіктер, ерекше жобалар мен есте қалған сәттер еске алынады.
Сынып сағатының мақсаты – оқушылардың бойында патриоттық рухты, еңбекқорлықты және білімге деген ынтаны қалыптастыру. Жас буынның білім жолындағы табысы – ел болашағының берік іргетасы болмақ. Биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі күнімен тұспа-тұс келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шаралар мектеп әкімшілігінің шешіміне сәйкес 23 немесе 24 мамырда өтеді, - деп жауап берді министрліктің баспасөз қызметі.
Министрлік барлық білім беру ұйымдарын оқу жылының аяқталуын қауіпсіз әрі тең форматта өткізуді ұсынады. Осыған байланысты сән-салтанатты жиындар өткізу, ақша жинау, автокөлікпен шерулер жасау және мектеп қабырғасынан тыс өзге де іс-шаралар ұйымдастыру қатаң түрде шектелетінін еске салады.