Науқастарды қағаз жүзінде «емдеген»: Ақтөбеде қаржы жымқырған танымал дәрігер сотталды

0
110


Науқастарды қағаз жүзінде «емдеген»: Ақтөбеде қаржы жымқырған танымал дәрігер сотталды

Ulysmedia.kz коллажы

ERNUR.KZ. Ақтөбеде медицина саласында 40 жылдан аса еңбек еткен, бұрын қалалық №3 емхананы басқарған танымал дәрігер Жанвек Нармұхамедовке сот үкімі шықты. Сот оны Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (ӘМСҚ) 53 миллион теңгеден аса қаржы жымқырғаны үшін кінәлі деп таныды. Қомақты қаражатты иемденгеніне қарамастан, дәрігер шартты жаза алды, деп жазады Ulysmedia.kz.

Қаржы қалай жымқырылған?

«Диапазон» басылымының мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, Нармұхамедов міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы көрсетілген қызметтер үшін мемлекеттен қаржы алып отырған «Медина Клиник» жеке емханасының иесі болған.

Құжат жүзінде емхананы басқаруды туысына тапсырғанымен, іс жүзінде жұмысын өзі қадағалап отырған.

Сот дәрігер басқа медициналық мекемелерге қаралған науқастардың жеке деректерін пайдаланып, оларға көрсетілмеген қызметтерді құжат жүзінде рәсімдегенін анықтады.

Атап айтқанда, DamuMed жүйесіне шын мәнінде өткізілмеген дәрігерлік қабылдаулар мен тексерулер туралы мәліметтер енгізілген. Сондай-ақ, бұрын көрсетілген медициналық қызметтер қайта тіркелген.

Осы жалған жазбалардың негізінде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры емханаға ақша аударып отырған.

Тергеу мәліметінше, Нармұхамедов осындай жолмен 53 миллион 117 мың теңге алып, оны жеке қажетіне жұмсаған.

Дәрігер кінәсін толық мойындап, жымқырған ақшаның барлығын мемлекетке қайтарған. Осыдан кейін прокуратурамен кінәні мойындау туралы келісім жасасқан.

Ақтөбе қаласының №2 соты оған шартты түрде бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталған дәрігер несімен танымал?

Жанвек Нармұхамедов медицина саласында 40 жылдан аса еңбек еткен.

Ол 14 жыл бойы Ақтөбедегі №3 емхананы басқарған. Оның басшылығы кезінде емханада көзге микрохирургиялық ота жасайтын амбулаториялық орталық ашылған.

Бұл орталықта жыл сайын катаракта, глаукома және басқа да көз ауруларына шалдыққан науқастарға 600-ге жуық ота жасалады.

Пандемия кезінде Нармұхамедовтің бастамасымен емханада стационар ашылып, онда шамамен 1400 адам ем қабылдаған.

Медицина саласындағы еңбегі үшін ол «Құрмет» орденімен марапатталған.

2026 жылғы қыста әріптестері Нармұхамедовті зейнетке салтанатты түрде шығарып салған еді. Алайда арада бірнеше ай өткенде бұрынғы бас дәрігер бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша сотталып отыр.