Солтүстік Қазақстан облысында 900-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген

0
105

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген.


Солтүстік Қазақстан облысында 900-ден астам нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделген

ERNUR.KZ. Мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында Солтүстік Қазақстан облысында 909 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделді. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

«Amanat» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 42 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделуге тиіс. Осылайша, 2023 жылы – Картадағы объектілердің 20%, 2024 жылы – 40%, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, 2027 жылы – 100%-ы бейімделеді. Қазіргі уақытта ел бойынша 23611 нысан толықтай бейімделген.

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 909 нысан бейімделді. 2025 жылдың соңына дейін 931 нысанды бейімдеу жоспарлануда.

«Қазір ауруханаларға бару да, спортпен айналасу да, белсенді өмір сүру де бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл болды. Бұл біз үшін өте маңызды, себебі қоғамның толыққанды мүшесі болып сезінуге және артық кедергілерге тәуелді болмауға мүмкіндік береді», – деп бөлісті Петропавл қаласының тұрғыны, екінші топтағы мүгедектігі бар Арман Ахметов.

Бұдан басқа, Солтүстік Қазақстан облысы бойынша халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаменті 2025 жылдың басынан бастап профилактикалық бақылау шеңберінде 14 және жоспардан тыс бақылау шеңберінде 26 тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысы бойынша анықталған бұзушылықтарды жою туралы 23 нұсқама енгізілді.

Объектілердің меншік иелеріне профилактикалық бақылау жүргізу кезінде бұзушылықтар алғаш рет анықталған кезде оларды әкімшілік жауапкершілікке тартпай, оларды жою туралы нұсқамалар ғана енгізілетінін атап өту қажет. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады.