Дәрігерлер 41 жастағы әйелдің өмірі үшін үш айға жуық күрескен.
Фото: istockphoto.com
ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысында дәрігерлер жоғары қабаттан құлап, ауыр жарақат алған, жүрегі тоқтаған әйелдің өміріне араша түсті, деп жазады inform.kz.
Петропавл қалалық көпбейінді аурухананың мәліметінше, дәрігерлер 41 жастағы әйелдің өмірі үшін үш айға жуық күресті.
Ауыр жарақат алған әйел биыл сәуір айында терезе жуып жатып, төртінші қабаттан құлап кеткен. Оны травмпунктке апармай-ақ, өте нашар күйде дереу жансақтау бөліміне жатқызады. Бірер сағаттан кейін науқастың жүрегі тоқтап қалып, тек реанимациялық шаралардың алтыншы минутында ғана жүрегі қайта соға бастайды.
— Осыдан кейін әйелдің өмірі үшін күрес басталды. Пациент 24 күн бойы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылып, реанимацияда жатады. Ол бас сүйек-мидың ауыр жарақатын, мидың ауыр дәрежелі жарақатын алған. Бас сүйегі, екі жағы, иығы, кеуде омыртқасы, жамбасы сынған. 3Б типті жамбастың ашық сынуы, құлақ қалқанының жарылуы, өкпенің жарақаты, гемопневмония, 2-3 дәрежелі травматикалық шок, тыныс алу функциясының жеткіліксіздігі және тағы да басқа асқынулар тіркелді, — дейді аурухана дәрігерлері.
Жақында әйелге сол жақ жамбастан Хоффман аппаратын алып тастау бойынша жоспарлы ота жасалды. Бұл — оның алтыншы операциясы.
— Науқас қазір травматология бөлімшесінде, жай-күйі орташа ауыр. Ең ауыр кезең артта, ол тірі қалды және өмір үшін күресті жалғастырып жатыр. Алда ағзаны қалпына келтіру міндеті тұр, — дейді мамандар.