"SIM-картаңыздың мерзімі өтті деп код сұрайды": Қазақстанда алаяқтар мобильді операторлар арқылы алдауға көшті

0
822


ERNUR.KZ. Қазақстанда соңғы кездері алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды. Алдаудың тың әдісін тапқан айлакерлер өздерін Beeline операторының қызметкері ретінде таныстырып, SIM-картаңыздың жарамдылық мерзімі өтіп бара жатқанын айтады. Осылайша олар атыңыздан несие рәсімдейді екен. Айлакерлердің осындай алдауына түскен астаналық басынан өткен жағдайды айтты, деп жазады stan.kz.

Елорда тұрғынының сөзінше, алаяқтар SIM-картаның жарамдылық мерзімін ұзарту үшін қандай да бір шараларды қолдану керегін айтады. Осылайша олар хабарлама арқылы код жіберіп, растауды сұрайды дейді.

“Олар нөміріме код жіберген соң, растадым. Артынша өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған адам Whats’App-тан видеоқоңырау арқылы хабарласты. “Қазір сіздің атыңыздан алаяқтар несие рәсімдемек. Дереу банкке барыңыз. Алдыңыздар бір менеджер шығады. Оның айтқан сөздеріне мән бермеңіз. Ақшаны алып сыртқа шықсаңыз, сіздің атыңыздан несие рәсімдеген адам (алаяқ) келеді, соған ақшаны бересіз. Сіз ақшаны ұсынып жатқан кезде, біз оны ұстап аламыз” деді. Бір уақытта адамдар ары-бері өтіп жатқанын көріп, есімді жидым. Айналама қарасам банктің алдынд тұр екенмін. Қайдан, қалай келгенімді білмеймін”, – дейді астаналық.

Астана тұрғынының сөзінше, өзін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерімін деп таныстырған адам Whats’App-тан несие мақұлданды деген бланк жіберіпті.

“Whats’App желісінен маған несие мақұлданды деген бланк жіберді. Оны қайдан алғаны белгісіз. Сосын ақша алмаймын, банкке кірмеймін деген едім, ашуға булықты. Сосын өшіріп тастадым. Ертесіне есімді жиған соң банктерге хабарласып шықтым. Олар сіз ақшаны алатыныңызды растамадыңыз, қол қоймадыңыз, сол үшін берілмейді деді. Барлық банк мақұлданған несиеден екі аптадан соң бас тартылатынын айтты”, – деді тұрғын.

Аталған жағдайға қатысты Beeline операторы мәнжайды айтты.

“Қолданушыларымызға алаяқтардың әрекеті туралы үнемі хабарлап отырамыз. Оларды үнемі қырағы болуға шақырамыз. Сондай-ақ мұндай жағдай тіркелген кезде оқиғаларды ресми аккаунтымызда жариялаймыз. Айта кетейік, SIM картаның жарамдылық мерзімі жоқ және біздің қызметкерлер оны ұзартуды сұрамайды”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ Beeline операторы қолданушыларынан мына ережелерді ескеруді сұрады:

  • жеке деректерді ешкіммен бөліспеңіз;
  • күдікті сілтемелерді қолданбаңыз;
  • оператордың ресми байланыс арналарындағы ақпаратты екі рет тексеріңіз. Мысалы, 116 нөміріне қоңырау шалу арқылы.

Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаты, блогер Дәулет Мұқаев әлеуметтік желідегі алаяқтардан сақ болуға шақырған еді. Халық қалаулысы атын жамылып, жалған парақшадан ақша тарататындарға үндеу жасаған.