«SHUBAT FEST-2026»: Ақтауда шұбаттың үздік өндірушілері анықталады

0
95

29 тамызда Ақтау қаласында «SHUBAT FEST-2026» ұлттық шұбат фестивалі өтеді.


«SHUBAT FEST-2026»: Ақтауда шұбаттың үздік өндірушілері анықталады

ERNUR.KZ. Фестиваль Қазақстандағы үздік шұбат өндірушілерін анықтауға, дәстүрлі сусынды дәріптеуге және түйе шаруашылығы өнімдерін танымал етуге бағытталған, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі.

Фестиваль Министрлік бекіткен 2026 жылғы республикалық туристік іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген және Ұлттық оқиғалар күнтізбесінің негізгі іс-шараларының қатарына кіреді. Бұл оның еліміздің туристік әлеуетін ілгерілетудегі жоғары мәртебесін айқындайды.

Шара аясында шұбаттың үздік өндірушісін анықтайтын негізгі конкурс өтеді. Сонымен қатар түйе сүтінен жасалған құрт, балқаймақ, десерт, балмұздақ және түйе сүті қосылған кофе мен коктейль сияқты өнімдер бойынша арнайы номинациялар ұйымдастырылады.

Конкурсқа түйе шаруашылығы өнімдерін өндіретін жеке және заңды тұлғалар, шаруа және фермер қожалықтары қатыса алады. Финалға 20 қатысушы іріктеледі. Олардың шұбат үлгілері сапа мен қауіпсіздік көрсеткіштерін анықтау үшін тәуелсіз аккредиттелген зертханаға жіберіледі.

Негізгі конкурс жеңімпаздары үш бағыт бойынша жиынтық балл негізінде анықталады: халықтық дауыс беру – 20%, тәуелсіз зертхананың қорытындысы – 40%, кәсіби қазылар алқасының бағасы – 40%. Өнімнің физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштері, дәмі, консистенциясы, хош иісі мен ұсынылуы бағаланады.

Негізгі конкурстың жүлдегерлеріне 1 млн, 700 мың және 500 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Ал Гран-при иегеріне автокөлік табысталады. Арнайы номинациялар бойынша да ақшалай жүлделер беріледі.

Фестивальдің финалдық бағдарламасында гала-концерт өткізіліп, танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетпек. Сонымен қатар халықтық дауыс беру ұйымдастырылады. Ұйымдастырушылардың болжамынша, шараға 20–25 мың көрермен қатысады.

«SHUBAT FEST-2026» шұбатты ұлттық гастрономиялық бренд ретінде танытуға, отандық түйе шаруашылығын қолдауға және Маңғыстаудың гастрономиялық туризмдегі әлеуетін арттыруға бағытталған.