ШОБ шығаратын өнім көлемі жарты жылда 25%-ға өсті

0
74

​Кәсіпкерлікті дамыту – сапалы жұмыс орындарын құрудың, жаңа нарық сегменттерін қалыптастырудың және бәсекелестікті дамытудың негізгі факторы.


ШОБ шығаратын өнім көлемі жарты жылда 25%-ға өсті

ERNUR.KZ. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің (ШОБ) дамуының оң динамикасы байқалады. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі 39,8% болды. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, ШОБ-тың өңірлік жалпы өнімге ең жоғары үлесі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында байқалады. 2025 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша кәсіпкерлік секторында жұмыспен қамтылғандар саны 3,9%-ға өсіп, 4,4 млн адамға жетті.

«2025 жылдың екінші тоқсанында тіркелген ШОБ субъектілерінің 91,2%-ы жұмыс істеп тұр, бұл сектордың тұрақтылығын көрсетеді. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында ШОБ субъектілері шығарған өнім көлемі 25%-ға өсіп, 42,7 трлн теңгені құрады», – деді Ерлан Сағынаев.

Өнім шығарудың өсуін 5 негізгі сала көрсетті: сауда, өнеркәсіп (оның ішінде өңдеу өнеркәсібі), құрылыс, көлік және қоймалау, сондай-ақ ауыл, орман және балық шаруашылығы.

Сондай-ақ Ерлан Сағынаевтың айтуынша, Ұлттық экономика министрлігі биыл ЕҚДБ-мен бірлесіп «Орта кәсіпорындардың инвестициялық тартымдылығын арттыру» бағдарламасы аясында кәсіпорындардың өндірісін 2–3 есе арттыруға мүмкіндік беретін жоспар әзірлеуде. Бағдарлама шеңберінде кәсіпорындарға диагностика жүргізу және жеке даму жоспарларын дайындау түрінде қолдау көрсетіледі.

«Бүгінде орта бизнес негізінен өңдеу өнеркәсібінде шоғырланған — бұл сала ШОБ жалпы өнімінің шамамен 12%-ын құрайды. Әлі де айтарлықтай өсу әлеуеті бар. Сонымен қатар аталған салаларда өндірістік қуаттарды, соның ішінде орта бизнес кәсіпорындарын толық пайдаланбау себебінен кеңеюге мүмкіндік мол», — деді вице-министр.

Ол кәсіпкерлердің мәселелерін жедел шешу үшін мемлекеттік қолдау құралдарының тиімділігін талдайтын және туындайтын кедергілерді жоюға көмектесетін сарапшылық топ құрылғанын атап өтті.