Бала жергілікті жерді жақсы білмегендіктен адасып кеткен.
фото: Sputnik / Владислав Воднев
 ERNUR.KZ.   Семейде жоғалған 11 жастағы қыз табылды, деп жазады sputnik.kz.
Сағат 18:30 шамасында "102" арнасына 11 жастағы Саяна есімді қыздың жоғалып кеткені туралы хабарлама түскен. Қыз бала сабақтан кейін үйіне оралмаған. Ата-анасының айтуынша, сағат 13:00-де Саяна сабақта болуы керек еді, алайда сол күні сабақ болмағандықтан, ол үйге өзі қайтпақ болған.
"Жасөспірімді іздеуге қала полициясының барлық қызметі жұмылдырылды. Жедел іздестіру топтары аулаларды, көшелер мен қоғамдық орындарды аралап, қыз баланың жүріп өтуі мүмкін бағыттарын тексерді. Қызды 200 полиция іздеді", - дейді ведомство.
Бейнебақылау камераларындағы жазбаларда Саяна әртүрлі көшелерде байқалған және жаңа деректер түскен сайын полиция күші сол бағыттарға шоғырландырылып отырды.
Бала жергілікті жерді жақсы білмегендіктен адасып қалған.
Фариза есімді қала тұрғынының қырағылығы мен қамқорлығының арқасында қыз бала табылып, үйіне жеткізілді.
                        
                        
                    
