Семейде мас жүргізушіні тоқтату үшін оқ атуға тура келді

0
118

Жүргізуші түрлі маневр жасап, қашып құтылмақ болған.


Семейде мас жүргізушіні тоқтату үшін оқ атуға тура келді

Фото: © Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Семей қаласында мас күйде көлік тізгіндеген ер адам полицейлерден қашып құтылмақ болды, деп жазады inbusiness.kz.

19 қыркүйекте түнгі сағат 01:00 шамасында полицияға хабарласқан тұрғын Өскемен көшесімен зуылдап келе жатқан эвакуатор жүргізушісінің мас болуы мүмкін екенін айтқан.

Абай облысы Полиция департаментінің хабарлауынша, оқиға орнына аттанған "Барыс 615" патрульдік полиция экипажы эвакуаторды байқап, тоқтатпақ болған. Алайда жүргізуші бағынбай, әрі қарай жүрісін жалғастырып, жаяу жүргіншілер мен басқа көліктерге қауіп төндірген.

Полицейлер эвакуатордың соңына түсіп, қуа жөнелген. Жүргізуші түрлі маневр жасап, қашып құтылмақ болған.

– Оны тоқтату үшін полицейлердің бірі алдымен ескерту ретінде ауаға оқ атты. Бірақ жүргізуші тоқтамаған соң көліктің дөңгелектеріне оқ атылды. Дөңгелектері тесілгеннен кейін ғана эвакуатор тоқтады, – делінген хабарламада.

Тізгінде 29 жастағы семейлік тұрғын отырған. Медициналық сараптама оның орташа деңгейде мас болғанын растады. Жүргізуші айықтырғышқа жеткізіліп, эвакуатор арнайы тұраққа қойылды.