“Самұрық-Энерго“ еншілес ұйымынан 8,5 миллиард жымқырған: Ресейден күдікті экстрадицияланды

0
135

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.


“Самұрық-Энерго“ еншілес ұйымынан 8,5 миллиард жымқырған: Ресейден күдікті экстрадицияланды

ERNUR.KZ. Ресей Федерациясынан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған күдікті экстрадицияланды, деп жазады tengrinews.kz.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Ресей Федерациясынан бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікке ілінген азамат экстрадицияланды.

"Тергеу барысында, аталған тұлға құрылыс компаниясының басшысы бола отырып, 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықта адамдар тобымен алдын ала сөз байласу арқылы жалған шарттар жасасып, аффилирленген компаниялар арқылы ақша қаражатын аудару жолымен "Самұрық-Энерго" АҚ-ның еншілес ұйымынан 8,5 миллиард теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Аталған қаражат Ақмола облысында жел электр станциясын салуға арналған болатын", - делінген хабарламада.

Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.

"Биыл ақпанда ол Ресей Федерациясының аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша оны экстрадициялау туралы шешім қабылданды".

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған.

Айта кетейік, қылмысқа қатысы бар басқа тұлғалар осы жылдың мамыр айында әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталған.

Қылмыстық заңмен айыпталған әрекетті жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.