Ақтөбелік оқушыларға қауіпсіздік ережелерін роботтар үйретті.
фото: baq.kz.
ERNUR.KZ. Ақтөбеде полицейлер мен роботтар мектептегі қауіпсіздікті тексерді, деп жазады baq.kz.
Профилактикалық іс-шаралар аясында полиция қызметкерлері қаладағы білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуына кешенді тексеру жүргізді.
Негізгі мақсат - оқушылардың, педагогтердің және мектеп қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын сенімді қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ балалардың шынайы өмірде де, цифрлық ортада да қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру. Іс-шараның ерекшелігі - интерактивті робот-гуманоид пен робот-иттің қатысуы болды. Олар полиция қызметкерлерімен бірге мектептерге барып, оқушыларға интернет-алаяқтықтың алдын алу бағытында танымдық сабақтар өткізді. Ойын форматында балалар мен педагогтерге желідегі қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, жеке деректерді қорғаудың маңыздылығы айтылды және кең таралған онлайн-алаяқтық схемалары туралы ақпарат берілді, - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД баспасөз қызметі.
Ведомстводан мәлім еткендей, оқушылар полиция қызметкерлерімен бірге түрлі жағдайларды талқылап, ықтимал қауіп-қатерлерге дұрыс әрекет ету жолдарын үйренді. Мұндай формат балалардың қызығушылығын арттырып, профилактикалық жұмыстың тиімділігін күшейтті.
Сонымен қатар, тексеру барысында бейнебақылау жүйелерінің жұмысына, өткізу режиміне, дабыл батырмаларының жарамдылығына және төтенше жағдайлар кезіндегі персоналдың әрекет ету алгоритмдеріне ерекше назар аударылды.


