Омбыда құрылыс алаңындағы өрттен зардап шеккен екінші адам қайтыс болды.
Фото: ЖИ арқылы жасалды/Google Gemini
ERNUR.KZ. Ресейдің Омбы қаласындағы құрылыс алаңында болған өрттен зардап шеккен екінші адам қайтыс болды. «Ведомости» мәліметінше, марқұм Қазақстан азаматы болған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ер адамның денесінің 70 пайызы күйіп, ол ауруханада ем қабылдап жатқан. Алайда алған ауыр жарақаттарының салдарынан көз жұмды.
Ресейдің Омбы облысы бойынша Тергеу комитетінің мәліметінше, өрт 15 тамыз күні таңертең «Кварталы Драверта» тұрғын үй кешенінің салынып жатқан ғимаратында болған. Өрт бірінші қабатта тұтанып, кейін жоғары орналасқан қабаттарға тараған.
Оқиға салдарынан барлығы 11 адам зардап шеккен. Олардың үшеуіне медициналық көмек көрсетілгеннен кейін амбулаториялық ем қабылдауға рұқсат берілген. Бұған дейін зардап шеккендердің бірі ауруханада қайтыс болған еді. Осылайша, өрттен қаза тапқандар саны екі адамға жетті.
Өртке қатысты Ресей Қылмыстық кодексінің 143-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аталған бап еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу фактісін қарастырады.


