Лиссабонда өткен Чемпиондар лигасы матчында "Қайраттың" қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғады.
Фото: "Қайрат" футбол клубының ресми сайты
ERNUR.KZ. Алматылық "Қайрат" клубының бас бапкері Рафаэль Уразбахтин командадағы қақпашылардың жағдайына қатысты мәлімдеме жасады, деп жазады stan.kz.
Ол "Ақтөбеге" қарсы кездесуде жарақат алған Темірлан Анарбековтың жағдайы туралы айтып өтті.
Уразбахтиннің сөзінше, Анарбековтың оңалуы ойдағыдай жүріп жатыр, бірақ ол 30 қыркүйекте өтетін мадридтік "Реалға" қарсы ойында алаңға шыға алмайды.
"Темірланды ауруханадан шығарды, ол базаға келді. Жақ сүйегіне қойылған бекіткіш бар, сондықтан әзірге толық жаттығуға кірісе алмайды. Дәрігерлер оңалудың қалыпты жүріп жатқанын айтады", — деді бас бапкер.
Сонымен бірге ол Александр Заруцкийдің де жақын күндері жаттығуға қосылатынын мәлімдеді.
"Ол бірнеше күннен соң жаттыға бастайды. Біз жақын арада оған сенім арта аламыз. Қалмырзадан бөлек тағы да қақпашыларымыз бар, сондықтан құрам толық болады", — деді Уразбахтин.
Еске салайық, Лиссабонда өткен Чемпиондар лигасы матчында "Қайраттың" қақпасын 18 жастағы Шерхан Қалмырза қорғады. Бұл оның алғашқы ойыны болды. Жас қақпашыға 1:4 есебімен аяқталған кездесуде сенімді ойыны үшін Қазақстанда ғана емес, Еуропадағы басылымдар да жоғары баға берді.