Барлық материал жан-жақты қайта зерделенеді
Фото: Instagram/inga_imanbay
ERNUR.KZ. Әскери борышын өткеру кезінде бас сүйек-ми жарақатын алған сарбаз Ербаян Мұхтардың ісі Бас прокуратураға өтті. Бұл жайлы отбасының заңгері Инга Иманбай хабарлады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
«Бас прокуратура қылмыстық істі толық өз өндірісіне алып, барлық материалдарды жан-жақты қайта зерделейтінін мәлімдеді. Президенттің тікелей тапсырмасынан кейін бұл іске жаңа серпін беріліп отыр. Енді біз Ербаян Мұхтардың ісінде әділдік орнайтынына, ал Ербаянды осы күнге жеткізген кінәлі адамдардың жауапқа тартылатынына сенеміз», - деді Иманбай.
Естеріңізге салайық, Ұлттық ұлан өкілдері әскери борышын өтеп жүрген сарбаз Ербаян Мұхтар дәретханада құлап қалып, жарақат алғанын мәлімдеген еді. Алайда жігіттің ата-анасы бұған сенбейді. Ербаян Мұхтар 2023 жылдың желтоқсанында ауруханаға түскен, оған 5 рет ота жасалды. Осы жылдың басында ол Түркияда емінің бірінші кезеңін аяқтап, елге оралған.


