Президенттік жастар кадр резервінің 1 орнына 148 адам үміткер болды

0
105

Алты кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде резервке 50 үздік жас маман қабылданды.


Президенттік жастар кадр резервінің 1 орнына 148 адам үміткер болды

Фото: canva

ERNUR.KZ. Ниет білдірген 31 мыңнан астам үміткердің ішінен 7 436 адам іріктеуге қатысуға жіберілді, деп жазады inbusiness.kz.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қорытындылары бойынша брифинг өткізіп, биылғы іріктеу бойынша резервке қабылданған жастармен кездесті.

Жастармен басқосу барысында агенттік төрағасы резервшілерді Президенттік жастар кадр резервіне іріктеуден өтуімен құттықтап, жобаның кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастырудағы стратегиялық маңыздылығына тоқталды.

Ол сондай-ақ Президенттік жастар кадр резервіне қатысу жастарға мансаптық өсу мен елге қызмет етуге мүмкіндік беретінін айтты.

– Сіздерден кәсібилікпен қатар, адалдық, ашықтық және мемлекет ісіне деген шынайы жанашырлықты күтеміз. Сіздерге артылған сенім — сіздер үшін үлкен жауапкершілік. Себебі сіздер іріктеу барысында өз қарым-қабілеттеріңізді көрсете білдіңіздер, енді сіздердің алдарыңызда соны тәжірибе жүзінде дәлелдеу міндеті тұр, – деді Дархан Жазықбай.

Кездесу аясында алдағы өзара әрекеттесу мен мемлекеттік қызметке орналасу мүмкіндіктері және басқарушылық құзыреттерді дамытуға арналған білім беру бағдарламаларына қатысу мәселелері талқыланды.

Басқосу соңында агенттік төрағасы резерв өкілдеріне сәттілік тілеп, олардың қарым-қабілеті мен білімін ел игілігі жолында жұмсайтындықтарына сенім білдірді.

Ал брифинг барысында агенттік төрағасы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне резервке төртінші іріктеудің қорытындылары, резервшілердің мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасу тәртібі және оларға берілетін мүмкіндіктер туралы ақпарат берді.

Дархан Жазықбай іріктеу процессінің әрбір кезеңінің ерекшеліктеріне жан-жақты тоқталды.

Айта кету керек, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып келе жатқан стратегиялық маңызды жоба – Президенттік жастар кадр резервіне төртінші іріктеу қазан айының соңында аяқталған болатын.

Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік басқару жүйесіне білімді, жауапкершілікті және жоғары кәсіби білікті жастарды тарту.

Ниет білдірген 31 мыңнан астам үміткердің ішінен 7 436 адам іріктеуге қатысуға жіберілді. Алты кезеңнен тұратын іріктеу нәтижесінде резервке 50 үздік жас маман қабылданды. Бір орынға 148 адамнан келіп, бұл көрсеткіш 2023 жылғы іріктеумен салыстырғанда 16%-ға жоғары болды.