Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев күні кеше «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» деп аталатын кезекті Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жария етті. Президент өз сөзінде түрлі салаға қатысты жүзден аса жаңа заң қабылданғанын айтып, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын құру мақсатында бірқатар тапсырма берді. Солардың ішінде ел аумағындағы автокөлік жолдарының сапасын көтеру жұмыстары да бар.
Осы орайда еліміздегі жол саласын дамыту бағытындағы жұмыстарға аз-кем тоқталып, соңғы жаңалықтармен бөлісе кеткенді жөн санап отырмыз. Мәселен, бір жұма бұрын Қазақстанның батысындағы республикалық «Казталов – Жәнібек – Ресей шекарасы» автожолының бір учаскесі ел игілігіне берілді. Толық құны он екі жарым миллиард теңгені құрайтын жолды жөндеуге «ҚазАвтоЖол» АҚ тапсырыс берген. Қырық шақырымнан астам асфальт төселіп, жиырмаға жуық құбыр орнатылған.
Ал оның алдында «Қарағанды – Балқаш» күре жолындағы Ақбастаудан Ақсуға дейінгі қырық шақырым автожол ашылдыіске қосылған еді. Бұл жолға жылдамдық пен жолдағы ақаулардан хабар беретін жүйе орнатылған.
Бірер күн бұрын «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» автокөлік жолын қайта құру бағытындағы жұмыстардың негізгі бөлігі де аяқталған болатын. Бұл жол логистика саласының дамуына ықпал етіп қана қоймай, Отандық туризмді ілгерілетуге де септігін тигізбек. Жалпы, бұл жобаны биылғы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.
Сондай-ақ биылдан бастап елімізде алғашқы рет автожол құрылысын жүргізу саласында қызмет ететін PhD докторлар әзірленетін болды. Тіпті, бұл бағыттағы мемлекеттік білім грантының иегерлері де анықталып қойды. Нақтырақ айтсақ, конкурс нәтижесі бойынша он үміткер докторантураға оқуға түсті. Мұндай қадамға еліміздегі жол құрылысына осы саланы меңгерген мамандардың жетіспеушілігі түрткі болып отыр. Жүргізілген талдауларға сүйенсек, Қазақстандағы жол құрылысына бір жарым мыңға жуық мамап тапшы екен. Сонымен қатар, еліміздегі жол саласының мамандары алдағы уақытта канадалық тәжірибелермен танысып, біліктіліктерін арттырмақ. Бұл тұрғыда аталған елдің өккілдерімен келісім жасалып қойды.
Тағы бір айта кетерлік жәйт – Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі бірер күн бұрын жуырда оннан аса жол ақылы негізге көшірілетінін мәлім етті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, биылғы жылдың 1 қазанынан бастап ұзындығы 2,2 мың шақырымды құрайтын 11 жол бөлігіне ақылы жүйе енгізілмек.
Ал, келер жылы экономиканың нақты секторына қолдау көрсетуге жалпы 2,1 триллион теңге бөлу жоспарланған болса, соның 568 миллиард теңгесі автокөік жолдарын жақсартуға бағытталмақ. Әлірек айтсақ, келер жылы еліміздегі он сегіз мыңға жуық жол жөнделмек.