Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерін марапаттады

0
84

Президент Қырғыз Республикасының көрнекті мемлекет қайраткерлері қажырлы еңбек етіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып жүргенін атап өтті.


Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерін марапаттады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы достық және одақтастық қатынастарды дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғыз Республикасы Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Камчыбек Ташиев І дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Қырғыз Республикасының VII шақырылған Жогорку Кенешінің депутаты Дастанбек Жұмабеков, Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Койчиев, қоғам қайраткері Аскар Салымбеков ІІ дәрежелі «Достық» орденімен марапатталды.

Президент Қырғыз Республикасының көрнекті мемлекет қайраткерлері қажырлы еңбек етіп, екіжақты ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосып жүргенін атап өтті.

– Соның арқасында саяси, экономикалық, мәдени байланыстарымыз нығайып келеді. Парламентаралық ықпалдастығымыз да күшейе түсті. Осы орайлы сәтте мен Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің төрағасы Камчыбек Кыдыршаевич Ташиевке шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіз қауіпсіздік саласындағы екіжақты әріптестікті тереңдетуге зор үлес қосып жатырсыз, аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жолында атқарған табанды еңбегіңіз жоғары бағаға лайық. Бүгінгі шара – жай ғана марапаттау рәсімі емес. Бұл – Қазақстанның Қырғыз халқына деген зор ризашылығы мен құрметінің белгісі. Сондықтан, бұл күн мәңгі бауырластық пен тату көршіліктің жарқын үлгісі ретінде қазақ-қырғыз қатынасының жылнамасына алтын әріппен жазылады деп ойлаймын. Сіздер Қырғызстанның көркеюіне, сондай-ақ, екі ел арасындағы жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға мол үлес қоса бересіздер деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.