Президент анасы туралы әсерлі жазба қалдырды

0
357

Ол өз өмірінің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анасының батыл қолдағанын ешқашан ұмытылмайтынын айтқан.


Президент анасы туралы әсерлі жазба қалдырды

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Аналар күні мерекесіне орай әлеуметтік желідегі парақшасына анасы Тұрар Шабарбаева туралы естелікке толы жазба қалдырды, деп жазады kaz.inform.kz.



“ Бүгін — Аналар күні! Осы орайда анам Тұрар Шабарбаева туралы аз-кем естелікпен бөліскім келеді. Төрт балалы біздің отбасы қарапайым тұрды. Анам ұзақ уақыт бойы белгілі себептермен жұ­мыс істемеді, ол кісі үй жұмысын атқарды. Жалғыз асыраушымыз әкей. Айлық жалақыдан бөлек, ол кей-кейде мақалалары мен кітаптарына қалам­ақы алатын. Мұндай күндері біздің үйде нағыз мереке орнайды. Шешей ол кезде жас әйел бола тұра, көп нәрседен, оның ішінде әшекей заттар мен қымбат киімдерден тартынатын. Әрине, сәнді киініп, әсем әшекейлер таққысы келгені табиғи ғой, алайда бар өмірін перзенттеріне арнап, аналық парызын қысқа ғұмырының ақырына дейін атқарып өтті. Тіпті, қымбат дүниелер алатындай мүмкіндік туған кезде де, өзіне ұнаған заттарды немерелеріне әперумен шектелетін “, — деп жазды Президент.
Ол өз өмірінің Кеңес Одағы тарауымен тұспа-тұс келген сындарлы сәтінде анасының батыл қолдағанын ешқашан ұмытылмайтынын айтқан.

“ Сол бір қауырт күнде­рі Мәскеуде қалып, Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрлігінде қызмет істеу немесе елге қайтып оралуды анықтау қажет еді. Сонда анамның «Әкең тірі болса, саған бірден Қазақстанда қызмет ету керек дер еді» деп айтқаны есімде. Бұл сөз бұйрықтай болып естілді. Шешеміз, әрине, кейбір шенеуніктердің аяқастынан қисапсыз байып шыға келіп жатқанын білді, бірақ мұндай тіршіліктің баянсыз және ақыры жақсылыққа апармайтынын жалықпай айтып отырды “, — делінген жазбада.
Мемлекет басшысы анасының қарапайым тірлік кешкенін, көзі жұмылғанша көп нәрседен өзін шектеп отырғанын жазды.

“ Ылғи да ел алдында ұятқа қалмау үшін өзімді таза ұстауды, ешқашан көрсеқызарлыққа бармауды айтып кеңес беретін. Анам да үнемі мені қолдайтын. Бала күнімнен мен оның көптеген мағынасы терең мазмұнды әңгімелерін, ой-пікірі мен пайымдауларын тыңдап өстім ғой. Әңгімені жақсы айтатын және менің де ықыластана тыңдайтынымды сезген болар, сөйтіп өмірлік дүниетануыма өлшеусіз ықпал етті. Жан-жағыма байыпты қарап, ұстамды болуға, жақсыны үйренуге және одан тек пайдалысын алуға үйретті. «Күні бойы және кешке немен айналысатыныңды таңертеңнен ойлау керек. Жинақы жүру қажет, асып-сасқан адам сәтсіздікке ұшырайды» деп жиі айтатын “, — деп анасының өсиетін мысалға келтірді.
Мемлекет басшысы анасы ұсақ-түйек нәрсеге дейін түгел білуді қажет санағанын тілге тиек етті.

“ Ол кісінің қатысуынсыз ата-аналар жиналысы өткен емес. Төрт баласының оқытушыларының бәрін білетін. Балалаық тентектігімізге, жеткіншектік қуаныш пен күйініш-сүйінішімізге қатысты жайларды түп-түгел сезініп отыратын. Анығын айтқанда, анамыздан жасыратын құпиямыз болған жоқ. Ол кісі біздің өмірмен ғұмыр кешті, ал біз оның өмірінің ажырамас бөлшегі едік. Аналардың қадірін біліп, әрдайым құрмет көрсетіп, ардақтап жүріңіздер! “— деп жазды.