Польшада жоғалып кеткен қазақстандық қаза тапты: ҚР СІМ қайғылы хабарды растады

0
106

​Ол 18 ақпан күні Варшавадан Астанаға ұшуы керек болатын.


Польшада жоғалып кеткен қазақстандық қаза тапты: ҚР СІМ қайғылы хабарды растады

Фото: facebook.com/susanna.suhoterina/

ERNUR.KZ. Сыртқы істер министрлігі Польша аумағында Қазақстан азаматы Екатерина Шилованың қаза тапқаны туралы ақпаратты растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Ведомство марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.

«Қазақстан Республикасының Польшадағы Елшілігі қаза тапқан азаматтың жақындарымен, сондай-ақ Польша тарапының құзырлы органдарымен тұрақты байланыста. Елшілік консулдық-құқықтық мәселелер бойынша, соның ішінде марқұмның денесін Отанына жеткізу ісінде қажетті көмек көрсетіп жатыр. Аталған мәселе министрліктің бақылауында», – делінген Сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.

Айта кетейік, осыған дейін Польшада жұмыс істеп жүрген Екатерина Шилова хабар-ошарсыз кеткені хабарланған. Ол 18 ақпан күні Варшавадан Астанаға ұшатын ұшаққа билет алған, алайда рейске мінбегені анықталды.

«Мен Варшавадан Астанаға ұшқан жоқпын. Германияда бірнеше жылдан бері жұмыс істейтін құрбым сол жақта жақсы жұмыс ұсынды, билетімнің ақшасын қайтарып алдым. Енді қолым босағанда жазамын», – деп жазған соңғы хатында ол.