Перизат Қайраттың анасы сотта ауырып қалды

0
141

Қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.


Перизат Қайраттың анасы сотта ауырып қалды

Фото Tengrinews.kz/Санжар Мустафин

ERNUR.KZ. Астанада Перизат Қайрат ісіне қатысты сот отырысында оның анасы Ғайни Алашбаеваның жағдайы нашарлап, отырысқа үзіліс жарияланды, деп жазады tengrinews.kz.

Қоғам белсендісі Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот процесі жалғасып жатыр.

Жәбірленушілерден жауап алу кезінде сот отырысы күтпеген жерден тоқтатылды. Төрағалық етуші судья Сабыржан Кәрімов Перизат Қайраттың анасына қарата:

"Не болды сізге?" – деп сұрады.

Әйел өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтты.

"Қан қысымым шығар", – деді Ғайни Алашбаева.

Судья әйелден тұмау тимеді ме, нақтылап сұрады. Кейін қысқа диалогтан соң бес минуттық үзіліс жариялады.

"Жедел жәрдем қызметкерлері сізге көмек көрсетеді", – деді судья.

Осыдан кейін соттың баспасөз орталығындағы трансляция тоқтатылды.

Айта кетейік, 16 шілдеде де сот процесі кезінде Перизат Қайраттың анасының денсаулығы нашарлаған болатын. Әйел тізесінің ауыратынын айтып шағымданған. Ол бұрынғы жол апаты салдарынан тізесіне темір қойылғанын айтқан.

Еске сала кетейік, 16 шілдеде өткен сотта Перизат Қайраттың ісі бойынша жәбірленушілерден жауап алынды. Атап айтқанда, зейнеткер әйел су тасқыны кезінде Қайраттың қорына аударған 1 миллион теңгені қайтаруды талап етіп, сотқа жүгінген. Әйел "BizBirgemiz" атауы сенімді көрінгенін айтты.

Сондай-ақ, бұл іс бойынша Астанадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналар комитеті мүшелері жәбірленуші ретінде танылды. Комитет өкілі Сәуле Қуандықова сотта 2024 жылдың сәуірінде мектеп оқушыларының ата-аналары 901 855 теңге жинап, аталған қорға аударғанын айтты.

Прокурор Мадина Оразалина айыпталушы Перизат Қайраттың біліміне қатысты мәліметтерді жария етті. Ол Ақтаудағы №10 мектепті бітірген. 2006 жылы өңірдегі өнер колледжіне хор дирижерлігі бөліміне оқуға түскен. Алайда колледжді бітіргені туралы дипломы жоқ.