Перизат Қайрат “соққыға жығылғанын“ мәлімдеді: полиция видео жариялады

0
186

Полиция алғашқы тергеу жұмыстарының нәтижесін жариялады.


Перизат Қайрат “соққыға жығылғанын“ мәлімдеді: полиция видео жариялады

фото: видеодан скрин

ERNUR.KZ. Перизат Қайрат кеше сотта "тергеу изоляторы қызметкерлері тарапынан соққыға жығылдым" деген мәлімдеме жасады. Астана Полиция департаменті жағдайға пікір білдірді, деп жазады tengrinews.kz.

"9 маусымда тергеудегі П.Қайрат прокуратура органдарына арыз түсіріп, мекеме қызметкері камера есігін күштеп жапқан кезде оны есік арасына қысып, дене жарақатын келтіргенін мәлімдеген. Бұл арыз бойынша жинақталған материалдар Астана қаласы Полиция департаментіне жолданып, қазір соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Тергеу аясында мекеменің бейнебақылау камераларындағы жазбалар зерделеніп, қызметкерлер мен куәлардан жауап алынды", - деп жазылған хабарламада.

Сонымен қатар, полиция алғашқы тергеу жұмыстарының нәтижесін жариялады.

"Алғашқы тергеу әрекеттерінің нәтижесі бойынша П.Қайрат мәлімдегендей, камера есігін жабу кезінде мекеме қызметкерлері оған дене жарақатын келтіргені расталмайды. Бұған П.Қайрат өз арызында көрсеткен оқиға сәтіндегі бейнебақылау жазбасы дәлел болып отыр. Тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, тиісті сараптама тағайындалды", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін алаяқтық бойынша және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінген Перизат Қайрат тергеу изоляторында соққыға жығылғанын мәлімдеді.

9 шілдеде таңертең Астана сотында Перизат Қайратқа қатысты алдын ала тыңдау өтті. Оған азаматтар мен ұйымдардан жиналған 3 миллиард теңгеден аса қаржыны жымқырды деген айып тағылған болатын.