​Перизат Қайрат ісі: тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған

0
144

Бүгінгі сот отырысы куәгерлерден жауап алудан басталды.


​Перизат Қайрат ісі: тағы бір құрылыс компаниясы қорға 200 млн теңге аударған

Коллаж: Kazinform

ERNUR.KZ. Елордада Biz birgemiz қорының жетекшісі болған Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты сот отырысы үшінші күнге жалғасты, деп жазады inform.kz.

Бүгінгі сот отырысы куәгерлерден жауап алудан басталды. Сотта «Стройконструкция» АҚ-ның өкілі, заңгер Галина Исаева жауап берді. Оның айтуынша, компания 2024 жылғы су тасқыны кезінде Перизат Қайраттың қорына 200 миллион теңге аударған.

Куәгердің мәлімдеуінше, құрылыс компаниясы Biz birgemiz қорымен байланысқа шыққан. Сондай-ақ компания басшылығы қайырымдылық ұйымы туралы әлеуметтік желілердегі бейнероликтер мен жарнама және ашық ақпарат көздерінен білген.
2024 жылғы 2 мамырда су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек көрсету туралы шешім қабылданған. Ал 10 мамырда компания Перизат Қайрат қорының шотына 200 миллион теңге аударған. Қордың реквизиті жарнамадағы бейнероликтен алынған.
Одан бөлек Галина Исаева интернетке орналастырылған материалдар компания басшылығының шешіміне әсер еткенін айтты.
— Неліктен мен жарнаманы басшыма апардым? Онда Перизат Қайраттың «несиені тоқтатыңдар» деген сияқты өтініші болған. Бұл бізге әсер қалдырды. Себебі, адамдар расымен қиын жағдайда еді, — деді ол сотта.
Оның айтуынша, қорға ірі компаниялар мен банктердің қомақты қаржы аударуы аталған ұйымға деген сенімді арттырған.
Кеше өткен сот отырысында Forte Bank маркетинг директоры Антон Ким тасқын кезінде Перизат Қайраттың қорына жеке шотымнан жарты миллион теңге аударғанын айтқан еді.
Сот отырысында белгілі болғандай, Перизат Қайрат анасын ортаға салып, 23 млн теңгеге гүл бизнесін сатып алған.
Бұған дейін «Асар-Үме» қорының президенті Асхат Нұрмашев күдікті Перизат Қайратқа 200 млн теңге аударғанын айтты.
Сондай-ақ танымал блогер Олжас Садық сотта куәлік ету барысында Перизат Қайратқа 83,5 млн теңгеге алданғанын айтты.
Айта кетсек, Үкімет басшысы Олжас Бектенов Перизат Қайраттың үстінен қозғалған іске қатысты пікір білдірді.