Өткір иісі бар белгісіз таблеткалар оқу кабинетінен табылған.
Иллюстративті фото:depositphotos.com
ERNUR.KZ. Павлодарда оқу кабинеттері бірінен өткір иісі бар таблеткалар табылғаннан кейін төрт оқушы өзін жайсыз сезінген. Үш балаға медициналық көмек қажет болды, деп жазады tengrinews.kz.
Павлодар қалалық білім бөлімінің мәліметінше, өткір иісі бар белгісіз таблеткалар оқу кабинетінен табылған.
"Мектеп кабинетінен өткір иісті таблеткалар табылды. Сабақтан кейін төрт оқушы өзін жайсыз сезінген. Тексеріс қорытындысы бойынша балалардың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды", - деп хабарлады қалалық білім бөлімі.
Мектеп әкімшілігі ішкі тексеріс жүргізіп, жауапты қызметкерлерге тәртіптік шара қолданды. Бұл ретте білім бөлімі кімдер және қандай заңбұзушылық үшін жазаланғанын нақтыламады.
Ал үш оқушыға медициналық көмек қажет болды. Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2014 және 2015 жылы туған балалар улану белгілерімен ауруханаға жүгінген. Кезекші педиатр тексергеннен кейін олар амбулаторлық бақылауға жіберілді.
Дәрігерлердің алдын ала мәліметі бойынша, улану белгісіз затты иіскегеннен болуы мүмкін.
Еске сала кетейік, биыл 14 қазанда Алматыда Республикалық физика-математика мектебінің 50-ге жуық оқушысы улану белгілерімен ауруханаға жатқызылған болатын. Балалардан жедел ішек инфекциясының белгілері анықталды.
48 бала қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының стационарында ем алып жатыр. Тағы алты оқушы интернаттың медициналық изоляторына орналастырылып, дәрігерлердің бақылауына алынды.
Оқиғадан кейін мектеп 14-16 қазан аралығында сабақты уақытша онлайн форматқа ауыстырғаны хабарланды. Интернат пен асхананың жұмысы тоқтатылып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары ғимараттарды тексеріп, зертханалық зерттеулер үшін сынамалар алды. Балалар жаппай уланғаннан кейін полицейлер тергеу бастады.


