Қазақстан азаматы аты-жөнін өзгерткеннен кейін жеке құжаттарын да ауыстыруға міндетті.
фото: Sputnik / Болат Шайхинов
ERNUR.KZ. Қазақстанда азаматтың атын және тегін ауыстырудың нақты талаптары бар. Өтініштер 16 жастан бастап қабылданады. Бірақ адамның атын-жөнін ауыстыру үшін дәлелді себептер болуы шарт, деп жазады sputnik.kz.
Басты талап қандай
Неке және отбасы туралы кодексте Қазақстан азаматының атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру бойынша арнайы тарау бар. Сол жерде адамның аты-жөнін өзгертудің дәлелді себептері де көрсетілген. Олар:
оғаш естiлуi;
айтуға қиындық келтіруі;
некеден кейін ауыстыру;
некеге дейiнгi текті қайтару;
бұрынғы некеден туған балалармен ортақ текте болуды қалау;
жұбайы қайтыс болғаннан кейін некеге дейiнгi текті алу;
некеге дейiн текті ауыстырмаған жағдайда жұбайы қайтыс болғаннан кейін балалармен ортақ текте болу;
ата-ананың ұлты әртүрлі болған жағдайда біреуінің ұлтына сәйкес келетін атты және текті таңдау;
құжат бойынша емес, өмірде жиі қолданатын есімді қалау;
ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текті таңдау;
іс жүзінде тәрбие берген адамның тегі мен аты бойынша жазылу;
жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде оған сәйкес келетін атты, әкесінің атын және текті алу.
Сондай-ақ, адамның аты-жөнін жаңадан жазғанда цифрлар мен таңбаларды қолдануға болмайды.
Өтініш қайда беріледі
Адамның атын, әкесінің атын немесе тегін ауыстыру туралы өтініште бірнеше маңызды мәлімет болуы шарт. Олар:
өтініш берушінің аты, әкесінің аты, тегі;
таңдаған аты, әкесінің аты, тегі;
атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың себептері.
Өтініш азаматтық хал актілерін тіркеу бөліміне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына тапсырылады. Оны 5 жұмыс күні ішінде қарайды. Ал шетелде жүргендер елшілікке жүгіне алады.
Тіркеуші органдар атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін туу туралы, некені қию немесе бұзу туралы тиісті куәлік береді.
Қандай құжаттарды ауыстыру керек
Қазақстан азаматы аты-жөнін өзгерткеннен кейін жеке құжаттарын да ауыстыруға міндетті:
жеке куәлік;
банк құжаттары;
мүлікке қатысты құжаттар;
адамның бұрынғы аты-жөні жазылған құжаттар.
Барлық құжатты бір айдың ішінде ауыстыру қажет.
Құжат ауыстыруға қанша ақша кетеді
Адамның аты-жөнін ауыстыру ақылы қызметке жатады. Бағасы – 2 001 теңге.
Бұдан бөлек, басқа құжаттарды да ауыстыру үшін ақы төлеу керек.
Бұдан бөлек, басқа құжаттарды да ауыстыру үшін ақы төлеу керек.
жеке куәлік - 0,2 АЕК (865 теңге);
төлқұжат - 8 АЕК (34 600 теңге);
жүргізуші куәлігі - 1,25 АЕК (5 406 теңге);
балалардың туу туралы куәлігі мен неке туралы куәлік - 2 001 теңге.
Заң бойынша азаматтың атын және тегін ауыстырудың саны жағынан шектеу жоқ. Бірақ өтініш берген сайын дәлелді себептер болуы шарт.


