Павлодар тұрғыны бұрынғы әйелін өлтіру үшін киллер жалдаған

0
86

Уақытылы медициналық көмек көрсетудің арқасында жәбірленуші тірі қалды.


Павлодар тұрғыны бұрынғы әйелін өлтіру үшін киллер жалдаған

фото: Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Павлодарда ер адам бұрынғы әйелін қызғаныш пен мүлік мәселесіне байланысты киллер жалдап өлтірмек болған, деп жазады sputnik.kz.
2024 жылдың басында Б. бұрынғы әйелі Г.-ны аңдитын адамды тауып беру үшін М.-ға жүгінген, сыйақы сомасы 1 миллион теңгені құраған.
М. осы мақсаттағы жұмыс үшін Б.-ның шартына келісіп, Д.-ны тапқан. Кейіннен Б. бұрынғы әйелін қызғаныш пен мүлік мәселесіне байланысты өлтіру үшін М. арқылы Д.-ны жалдаған. Сыйақы 3 000 000 теңгені құраған.
"2024 жылғы 18 маусымда таңертең Д., Павлодар қаласы Баратбаев көшесінің бойымен жүріп келе жатқан Г.-ны күтіп тұрып, оны артынан қуып жетіп, қолындағы пышақпен оның кеудесіне және бетіне бірнеше рет пышақ сұғып алған", - деп жазылған хабарламада.
Алайда бұрылыстан көліктің шығуына байланысты ұсталып қалудан қорқып, Д. қылмыс орнынан қашып кеткен.
Уақытылы медициналық көмек көрсетудің арқасында Г. тірі қалды.
Сотталушылардың кінәсі сотталушы Д.-ның алғашқы айғақтарымен, куәлардың айғақтарымен, сот сараптамасының қорытындысымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді.
Жәбірленуші тарап ең жоғарғы жаза кесуді сұрады.
Б. мен М. кінәсін мойындамай, ақтауды сұрады. Д. өзінің әрекетін қарақшылық ретінде қайта саралауды сұрады.
"Сот әрбір кінәліге 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айыру жазасын кесті", - деп атап өтті соттың баспасөз қызметі.
Сондай-ақ олардан жәбірленушінің пайдасына жалпы сомасы 8,8 миллион теңгені құрайтын моральдық шығын мен өкілдің қызметі үшін өтемақы өндірілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.