Соттың қаулысы заңды күшіне енді.
Фото: senate.parlam.kz
ERNUR.KZ. Ақтау қаласының тұрғыны, он баланың анасы, құқық қорғау органы инспекторы жасаған хаттама негізінде әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалаған, деп жазады zakon.kz.
ҚР Жоғарғы сотының мәліметіне сүйенсек, оған баланы тәрбиелеу жөніндегі ата-аналық міндеттерін орындамады деген айып тағылған. Айыпқа оның 17 жастағы қызының сатушы болып жұмыс істеуі негіз болған. Шығарылған қаулымен келіспеген әйел өзінің жауапкершілікке тартылуын заңсыз деп санап, сотқа жүгінген.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты істі қарай келе, келесі мән-жайларды анықтады:
- инспектор кәмелетке толмаған қызды еңбек шартының жоқтығына байланысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаға қол қоюға мәжбүрлеген;
- жеке кәсіпкер мен талап қоюшының қызы арасында іс жүзінде консультант ретінде жұмысқа қабылдау туралы шарт жасалған, ол сотқа ұсынылған;
- жұмыс беруші мен кәмелетке толмаған қыз сотта оның 17 жаста екенін түсіндірген;
- Еңбек кодексіне сәйкес, 16 жасқа толған адамдармен еңбек шарты жасалуы мүмкін, бұл ретте кәмелетке толмағандардың жұмыс уақыты күніне екі сағаттан аспауы тиіс;
- қыз кәмелетке толмаған тоғыз бауыры бар көпбалалы отбасына көмектесу мақсатында жұмыс істеген.
Сот мынаны атап өтті:
- еңбек шартында мөрдің болмауы кәмелетке толмағанның кінәсі болып есептелмейді;
- ешкім өз кінәсіздігін дәлелдеуге міндетті емес (ӘҚБтК-нің 10-бабының 2-бөлігі);
- әкімшілік іс жүргізу барысында адамның кінәлілігіне қатысты барлық күмәндар оның пайдасына қаралады (ӘҚБтК-нің 10-бабының 3-бөлігі);
- адам тек өз кінәсі дәлелденген әрекет үшін ғана әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін (ӘҚБтК-нің 11-бабының 1-бөлігі).
Жоғарыда келтірілген мән-жайларды ескере отырып, сот әйелдің талап қоюын қанағаттандырып, оған толтырылған әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттаманы жойды.
Соттың қаулысы заңды күшіне енді.

 
                        

 
                         
                    









 
                     
                     
                     
                     
                    
