500 мыңға жуық халқы бар Ош қаласы – Қырғызстанның оңтүстік өңірінде әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретінде маңызды рөл атқаратын елдің екінші ірі қаласы.
Фото: ҚР СІМ баспасөз қызметі
ERNUR.KZ. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары қарсаңында Ош қаласында Қазақстан Бас консулдығының ашылу рәсімі өтті, деп жазады inform.kz.
Іс-шараға Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Ермұхамбет Қоныспаев, Қырғызстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Асеин Исаев, Қырғызстан Президентінің Ош облысындағы Өкілетті өкілі Эльчибек Джантаев, Ош қаласының мэрі Женишбек Токторбаев, сондай-ақ қырғыз қоғамының және іскер топтарының өкілдері қатысты.
Іс-шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Е.Қоныспаев аталған өңірде ҚР Бас консулдығының ашылуы екі ел арасындағы тату көршілік пен бауырластық қатынастардың берік әрі мызғымас сипатын айқындайтын ерекше маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Қазақстан мен Қырғызстан – көршілер ғана емес, ортақ құндылықтар мен Орталық Азиядағы бейбітшілік, тұрақтылық пен өркендеуге ұмтылыс біріктірген ең жақын серіктестер және одақтастар. Бүгінде қазақ-қырғыз ынтымақтастығы жан-жақты өзара іс-қимылдың жоғары қарқынымен сипатталады. Мемлекет басшыларымыздың саяси ерік-жігерінің және жоғары әрі биік деңгейдегі тұрақты байланыстардың арқасында екі ел арасында мемлекетаралық өзара іс-қимылдың үлгілі моделі қалыптасты», – деді министрдің орынбасары.
Осыған орай Е.Қоныспаев Ош қаласында ҚР Бас консулдығының ашылуы елдер мен халықтар арасындағы бауырластық қатынастарды одан әрі нығайтуға тың серпін беретін тағы бір маңызды қадам болатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде А.Исаев Қазақстанның Ош қаласында Бас консулдығының ашылуы – екі бауырлас ел арасындағы одақтастық қатынастардың тереңдей түскенін көрсететін маңызды дәлел екенін және бұл қадам екіжақты жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, кеңейтуге жаңа серпін беретінін атап өтті.
Ош қаласының мэрі Ж.Токторбаев өз сөзінде ұлы қазақ ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай қаладағы көшелердің біріне оның есімі берілетінін жеткізді.
Қазақстан Бас консулдығының консулдық округіне Ош, Жалал-Абад және Баткен облыстары кіреді. Аталған өңірлерде шамамен 3 мыңға жуық Қазақстан азаматы тұрады.
500 мыңға жуық халқы бар Ош қаласы – Қырғызстанның оңтүстік өңірінде әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретінде маңызды рөл атқаратын елдің екінші ірі қаласы.