"Орындықпен тұншықтырған": Текеліде көпбалалы ана отағасын не үшін өлтірді

0
149

Оқиға 10 маусымда ерлі-зайыптының қонаққа барған кезінде болған.


фото: Sputnik / Абзал Калиев

ERNUR.KZ. Жетісу облысы Текелі қаласында ер адам пышақ жарақатынан көз жұмды, күдікті – әйелі. Оқиға туралыкөршілері айтып берді. Олар әйелге араша сұрайды, деп жазады sputnik.kz.

Күн демей, түн демей...

Күдікті деп танылған әйелдің есімі Лидия, жасы – 45-те. Көршілерінің айтуынша Лидия бес баласын өзі бағып келген.
"Мен Лидияның жақын көршісімін. Қаншама жылдан бері қатар тұрып келеміз. Лидия өте жақсы адам, кісімен жанжалдасқанын көрген емеспін. Бес баласын бағу үшін кез келген жұмысты күн демей, түн демей істей беретін. Үйдің құрылыс жұмыстары, қарт адамдарды бағып-қағу, кез келген жұмысті істейтін", - дейді көршісі Ульяна Неруш.
Айтуынша, ол балаларын дамыту орталығына да апарып, үй тірлігін де дөңгелетумен жүрген. Баласы Глеб ауханаға түскенде Лидия сол жерде түнеген. Бала дегенде ішкен асын жерге қоятын, дейді көршілері.

Шығармай қамап тастайтын

Көршілердің айтуынша, күйеуі үйінде үнемі жанжал шығаратын.
"Қаншама жыл бойы күйеуі үйде үнемі жанжал шығаратын. Мен қаншама куә болдым. Күйеуінен қашып жүретін. Лидияны күйзеліске түсірген кезінде де куә болдым. Бірнеше рет біздікіне қашып келіп, жылап-еңіреп "полиция шақырыңдаршы" деп өтінген кезі болды", - дейді Ульяна Неруш.
Лидияға араша сұраған көршілері отбасында болған талай жанжалдың бетін ашып берді.
"Біркүні Андрей бір жерден келе жатқанын көріп Лидия өз-өзінен аяқ-қолы дірілдеп, көзі бақырайып кетті. Күйеуінен қатты қорқатын. Марқұм оны үйден шығармай қамап тастайтын кездер көп болды немесе үйге мүлдем кіргізбей далада тентіретіп қоятын", - дейді көршілері.
Олардың айтуынша, Лидия еңбекқор ғана емес, көмек керек адамның бәріне жанашыр, мейірімді жан.
"Мен Лидамен қарама-қарсы тұрамын. Андрей ылғи жанжал шығаратын. Лиданы, балаларды қалай ұрғанын, қалай боқтайтынын ылғи көретінмін. Лида таңның атысы, кештің батысы қай жерде жұмыс бар, сол жерде жүретін", - дейді тағы бір көршісі.
16 жыл ауыр тірлікке шыдаған Лиданың осындай қиындыққа тап болғаны көршілерінің жанын қайыстырып жүр.

"Үйіңмен қосып өртеп жіберем"

"Лиданы ұрып-соғып, жан таптырмай, әбден тоздырып жіберген. Мен зейнет жасындағы адаммын, өтірік болса төбемде Құдай тұр. Лиданың сөзін сөйлеп, Андрейге басу айтсақ, "Үніңді өшір, үйіңмен қосып өртеп жіберем" деп қорқытатын. Андрей өзінің апасының қорасын сиырымен қосып өртеп жіберген. Ал оның жанында біз кімбіз, бізді де өртеп жіберетін еді", - дейді Галина Гончарова.
Күйеуін өлтірді деп күдікке елінген әйелдің барлық көршісінің айтатыны осы. Олар Лидияға араша сұрайды.
Айтуларынша, Лидия күйеуінен кете алмаған, өйткені, басында баспанасы болмаған. Ал тұрып жатқан үй күйеуінің атында.

Орындықпен тұншықтырған

Көршілерінің сөзінше, қайғылы жағдай болған күні Лидия мен Андрей қонаққа барған. Ол жерде тағы екі адам болған. Отырыста ішімдік ішілген. Андрей мас күйде әйелін орындықпен ұрып, тұншықтыра бастаған. Лидияның қолына ас үй пышағы ілініп, өзін қорғауға әрекеттенген.
Айта кетейік, оқиға 10 маусымда түнде болған.
"Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.Тергеу барысында ер адамның тұрмыстық жанжал кезінде пышақ жарақатынан көз жұмғаны анықталды. Тергеу әрекеттері жүріп жатыр" , - дейді Жетісу облысының полиция департаменті.