Бүгінде Шымкент қаласында 30 мыңға жуық педагог еңбек етеді.
Мұғалімдер күні қарсаңында Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков білім беру саласының қызметкерлері мен педагогикалық еңбек ардагерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
Қала басшысы ұстаздықтың аса жауапты әрі маңызды мамандықтардың бірі екенін атап өтті. Педагогтің білімі, тәжірибесі мен жеке үлгісі жас ұрпақтың қалыптасуына, оның білімге деген ұмтылысы мен құндылықтарының орнығуына, болашаққа деген көзқарасының қалыптасуына тікелей ықпал етеді.
Бүгінде Шымкент қаласында 30 мыңға жуық педагог еңбек етеді. Олар күн сайын жас ұрпақтың қабілетін ашуға, білімге деген қызығушылығын арттыруға және өз бетінше өмір сүруге алғашқы қадамдарын жасауына қолдау көрсетіп келеді.
Ғабит Сыздықбеков педагогикалық еңбек ардагерлеріне де айрықша құрмет білдірді. Саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеу мен білім беруге арнаған ардагер ұстаздардың кәсіби жолы кейінгі буын педагогтер үшін маңызды өнеге екені атап өтілді.
Ұстаз еңбегі кәсіби біліктілікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті, сабырлылық пен адалдықты талап етеді. Педагогтердің күнделікті еңбегі білім беру жүйесін жетілдіруге ғана емес, қаланың зияткерлік әлеуетін арттыруға да өз үлесін қосып келеді.
Мұғалімдер күні – ұрпақ тәрбиесіне өлшеусіз үлес қосып жүрген ұстаздардың еңбегіне құрмет білдіретін маңызды мереке. Осы ретте қала педагогтеріне зор денсаулық, амандық, кәсіби жетістіктер мен жаңа белестер тілегі жеткізілді.


