Оралда «ангинамен» ауруханаға түскен 12 жасар қыз бір тәулікке жетпей қайтыс болды

0
82

Жақындарының айтуынша, Дәмелі бұған дейін еш есепте тұрмаған, дені сау болып өскен.


Оралда «ангинамен» ауруханаға түскен 12 жасар қыз бір тәулікке жетпей қайтыс болды

фото: Мой город

ERNUR.KZ. Орал қаласындағы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында 12 жастағы Дәмелі Әбдірахманова көз жұмды. «Ангина» диагнозымен ауруханаға түскен қыз бір тәулікке жетпей қайтыс болған, деп жазады ulysmedia.kz.

Марқұмның туыстары қайғылы оқиғаға медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп есептейді, деп жазады «Мой город».

Басылымның мәліметінше, Дәмелі 28 маусым күні тамағы қатты ауырып, ауруханаға жатқызылған. Қабылдау бөлімінде оған палата бөлінгенімен, дәрігерлер анасына қызының жанында қалуға рұқсат бермеген. Бұған баланың жасы себеп болғаны айтылған. Алайда келесі күні таңертең қыздың жағдайы күрт нашарлаған.

- Дүйсенбі күні таңертең Дәмелі бізге хабарласып, өзін өте нашар сезініп тұрғанын, жүрегі қатты соғып жатқанын айтты. Әжесі оған дереу дәрігерлерді шақыруды тапсырды. Бірақ қызымыз дәрігерлердің тек қызуын өлшеп, кетіп қалғанын айтты. Біз бірден ауруханаға шықтық. Жолда Дәмеліні жансақтау бөліміне ауыстырғанын хабарлады. Ауруханаға жеткенімізде оның қайтыс болғанын білдік, – дейді қыздың ағасы Ғалымжан Әбдірахманов.

Марқұмның жақындары қыз жансақтау бөліміне жетпей, палатада көз жұмғанына сенімді. Олар полиция қызметкерлерімен бірге аурухана дәлізіндегі бейнебақылау камераларының жазбаларын көрген.

- Бейнежазбадан Дәмелі жатқан палатадағы көрші қыздың сыртқа жүгіріп шығып, медицина қызметкерлерін көмекке шақырғаны анық көрінеді. Науқас таситын арба палата есігіне кептеліп қалған. Дәрігерлердің бәрі сол жерде тұрған. Онда қандай дәліздегі реанимация туралы айтып отыр? Бізге бұған дейін барлық қажетті көмек көрсетілді деген еді. Бұл нағыз салғырттық. Оның жай ғана тамағы ауырды, ауыр дертке шалдықпаған, қатерлі ісік те емес. Ал бала келесі күні қайтыс болды, – дейді туыстары.

Жақындарының айтуынша, Дәмелі бұған дейін еш есепте тұрмаған, дені сау болып өскен. Өткен жылы толық медициналық тексеруден өтіп, ешқандай патология анықталмаған.

Қазіргі уақытта өлімнің ресми себебі әлі жарияланған жоқ. Марқұмның туыстары кінәлілердің жауапқа тартылуын талап ететінін айтты. Олар жақын күндері құқық қорғау органдарына арыз жазып, жұқпалы аурулар ауруханасы дәрігерлерінің әрекетіне жан-жақты тексеру жүргізуді талап етпек.