Әлеуметтік желіде тараған видеода түнде балалар ойын алаңындағы орындықта курьердің ұйықтап қалғаны көрінеді.
Фото: Видеодан скриншот
ERNUR.KZ. Түнде балалар ойын алаңында ұйықтап қалған курьерге тамаққа тапсырыс берген қазақстандық әйелдің әрекеті көпшілікті сүйсінтті, деп жазады stan.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеода түнде балалар ойын алаңындағы орындықта курьердің ұйықтап қалғаны көрінеді. Оны көпқабатты үйдің тұрғыны байқап қалып, жігітке жаны ашып, жақсылық жасағысы келеді. Видео авторы Дананың айтуынша, ол тамаққа тапсырыс беріп, жеткізу мекенжайына дәл сол курьердің жатқан орнын көрсеткен. Біраз уақыттан кейін басқа курьер келіп, тапсырысты беру үшін әріптесін ақырын оятады.
“Бұл видеоны менің жақсы адам екенімді көрсету үшін түсірген жоқпын. Бұл — кейін жылы көлікте отырып, асығып бара жатқан курьерге ашуланған сәтте, балалар алаңындағы орындықта ұйықтап қалған жігітті есіме алу үшін түсірілген видео. Қазан айы, түннің бір уақыты, дала суық. Ол да біреудің ұлы, біреудің бауыры. Мен мұндай жағдайда ұйықтай алмас едім, бәлкім, сіз де. ”, - деп жазды Дана.
Видео әлеуметтік желіде 6 миллоннан астам қаралым жинаған. Алматылық әйелдің әрекеті жұрттың жүрегін елжіретіп, қолданушылар оған жылы пікірлер жазып жатыр.
“Жаным сол, мейрімділігіңнен айналайын, бақытты бол”, “Осындай жандар көп болса екен. Тамаққа тапсырыс берген қызды жақсы тәрбиелеген екен, жарайсыңдар!”, “Міне, сондықтан, мен курьер қанша кешіксе де, әрдайым "рақмет" айтып, шайпұл беремін. Ал қыздың ісі — нағыз өнеге!”, “Жақсылықты бәрі көруі керек, сонда ғана адамдар мейірімді бола түседі”, “Дана, сіз — керемет жансыз! Өміріңізде бәрі жақсы болсын. Арамызда адамгершілік жоғалмасын”, “Мейірім әлемді құтқарады. Сізге үлкен алғыс пен құрмет!”, “Жүрек елжірейді, көзіңе еріксіз жас келеді. Сізге рақмет көп!”, - деп жазған желі қолданушылары.


