Назарбаев мектептерінің ата-аналары да Перизат Қайратқа ақша аударған

0
161

Сот процесі барысында комитет өкілдері бұл қаражатты су тасқынынан зардап шеккендер мен ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету үшін аударғанын айтады.


Назарбаев мектептерінің ата-аналары да Перизат Қайратқа ақша аударған

ERNUR.KZ. Назарбаев Зияткерлік мектебінің ата-аналары Перизат Қайрат басқаратын қорға 900 мың теңгеге жуық ақша аударған, деп жазады baq.kz.

Сот процесі барысында комитет өкілдері бұл қаражатты су тасқынынан зардап шеккендер мен ерекше қажеттілігі бар балаларға көмек көрсету үшін аударғанын айтады.

Біз бұл қаражатты ашық дереккөздер арқылы таратылған көмектесу үндеулеріне сеніп аудардық. Алайда ақша діттеген жеріне жетпесе, қайтарылуы керек, – деді ата-аналар комитетінің өкілі Сәуле Қуандықова сот залында.

Ата-аналар комитетінің өкілдері 901 мың теңге көлеміндегі ақшаны қайтару туралы талапты толық қолдайтындарын айтты.

Айыптау тарапының мәліметінше, Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаева “Bizbirgemiz Qazaqstan 2030” қорын пайдаланып, қайырымдылыққа деп жиналған қаражатты жеке мақсаттарына жұмсаған. Тергеу нұсқасы бойынша, ақша шетелге сапарлар мен қымбат заттар алуға кеткен. Қордың өзі жалған ұйым ретінде тіркеліп, алаяқтық жолмен табыс алғандарды ақтау құралы болған.

Бұған дейін прокурор Перизат Қайраттың өзін қайырымдылықпен айналысатын тұлға ретінде көрсетіп, әлеуметтік желілерде белсенді түрде насихат жүргізгенін, танымал адамдарды, мүгедек балалар мен кәсіпкерлерді іс-шараларға тартқанын мәлімдеген еді.

Еске салсақ, қылмыстық іс бойынша күдікті ретінде екі адам, яғни Перизат Қайрат пен оның анасы танылып отыр. 2025 жылдың 4 сәуірінде Перизат Қайраттың анасы Гайни Алашбаева үй қамаққа алынған болатын.

Тергеу барысында анықталғандай, 2021 жылдан 2024 жылға дейін Перизат Қайрат түрлі қайырымдылық акциялары арқылы жалпы сомасы 3,5 миллиард теңге көлемінде қаражат жинап, оны өз пайдасына жаратқан. Мұндай қаражаттар негізінен балаларға, су тасқынынан зардап шеккендерге және Палестина халқына көмек көрсету үшін жиналған деп көрсетілген.

Алайда, тергеу барысында бұл қаражаттардың көп бөлігі оның жеке қажеттіліктеріне, соның ішінде сәнді киімдер, әшекейлер, көліктер мен жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалғаны анықталды.

Сонымен қатар, ол осы қаражаттарды заңдастыру үшін жалған келісімшарттар жасап, жеке кәсіпкерлермен келісімдер жасаған.

Бұған дейін қайырымдылық қорының құрылтайшысы күдікке ілінгенін, Перизат Қайрат деген кім екені туралы, оның тағы бір заңсыз әрекеті анықталғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат "фактілермен қорғанамын" деп өзіне тағылған айыптарды мойындамады. Перизат Қайрат миллиардтаған ақшаны қалай жұмсағаны да белгілі болды.

Asar-Ume Перизат Қайраттың қорына 200 млн теңге аударған, бірақ есебін алмаған.