“Мұнда тұрмаңыз“: тұрақтағы жазу қазақстандық әйелге қымбатқа түсті

0
204

Қарағайлы шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің жанында белгісіз біреу бояумен "Тұраққа көлік қоймаңыздар" деп жазып кеткен.


“Мұнда тұрмаңыз“: тұрақтағы жазу қазақстандық әйелге қымбатқа түсті

Фото: Абай облысының ПД

ERNUR.KZ. Семей тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған үй ауласындағы тұраққа жазылған жазу себеп болған деп жазады tengrinews.kz.

Қарағайлы шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің жанында белгісіз біреу бояумен "Тұраққа көлік қоймаңыздар" деп жазып кеткен. Сонымен қатар бояу жақын маңда тұрған автокөлікке де тиген. Көлік иесі полицияға арызданды.

Полицейлер бейнебақылау камераларындағы жазбалар арқылы жазудың қашан жазылғанын және құқық бұзушының кім екенін анықтады. 40 жастағы әйел осылайша көпшілік пайдаланатын ортақ аула аумағынан өзіне тұрақ орнын иеленіп алғысы келгені анықталған. Мұндай орындарды өз бетінше иеленуге болмайды.

"Кіналы тұлға анықталды, ол - қаланың 40 жастағы тұрғыны. Ол ортақ пайдалану орындарын қорлағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот 50 АЕК (216 250 теңге) көлемінде айыппұл түріндегі жаза тағайындады. Ол өз іс-әрекетінің салдарын өз бетінше жойды", – деп хабарлады Абай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Полиция өкілдері тұрақ орындарына қатысты келіспеушіліктерді заңды жолмен шешу қажет екенін ескертті. Мұндай жағдайлар қоғамдық тәртіпті бұзуға және өзгенің мүлкіне зақым келтіруге ақтау бола алмайды.

Бұған дейін Қостанайда автокөлікке бейәдеп сөз жазғаны үшін жүргізушіге айыппұл салынғаны туралы хабарлаған болатынбыз. Әйелдің көлігінде балағат сөздері бар жапсырма болған.

Жүргізуші бұл әрекетін жол қауіпсіздігіне назар аудартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатымен түсіндірді. Оның айтуынша, мұндай ескерту жазулары жүк көліктерінде жиі кездеседі және олардың өзінде ешқандай қорлау мағынасы жоқ.