Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы еліміздің тағы төрт өңірінде іске қосылады

0
109

Оңалту алдында мамандар баланың жағдайын, қажеттілігін және үйдегі мүмкіндіктерін зерделейді.


Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту жобасы еліміздің тағы төрт өңірінде іске қосылады

Фото: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

ERNUR.KZ. 2026 жылдың соңына дейін «QH Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» жобасын Қазақстанның тағы төрт өңірінде іске қосу жоспарланып отыр. Қазір жоба Шымкент қаласында, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында іске асырылып жатыр. Бүгінде жоба аясында 642 бала кешенді оңалту көмегімен қамтылған. Оның 500-інде оң нәтижелер байқалды.

Жоба 2024 жылдан бері Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қатысуымен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының бірлескен жұмысы арқылы жүзеге асырылып келеді. Басты мақсат – баланың оңалтуын үйде жалғастыруға мүмкіндік беру және осы кезеңде мамандардың қажетті қолдауын қамтамасыз ету.

Оңалту алдында мамандар баланың жағдайын, қажеттілігін және үйдегі мүмкіндіктерін зерделейді. Соған сәйкес балаға қажетті оңалту құралдары іріктеледі. Бұл арнайы кресло, вертикализатор, жүріп-тұру құралы немесе тренажер болуы мүмкін.

Қажетті құрал-жабдықтар отбасының үйіне дейін жеткізіледі. Оларды отбасы белгілі бір уақытқа ақысыз пайдаланады. Ата-аналарға құралдарды қауіпсіз қолдану әрі балаға қажетті жаттығуларды дұрыс орындау үйретіледі. Оңалту курсының ұзақтығы мен мазмұны әр баланың жағдайына қарай жеке белгіленеді.

Баланың жағдайындағы оң өзгерістер оның күнделікті қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерінің жақсаруына қарай ескеріледі. Ол үшін мамандар Бартел, FIM және негізгі қимыл-қозғалыс дағдыларының бұзылу деңгейлерін қолданады. Мысалы, баланың басын бұрынғыдан жақсы ұстай бастағаны, өздігінен отыра немесе тұра алғаны, аяғына сүйене бастағаны, жүру дағдыларының жақсарғаны назарға алынады.

Жоба аясындағы оңалту жұмыстарының нәтижесінде 138 бала басын жақсы ұстай бастаған, 83 бала өздігінен отыруды үйренген, 49 бала тірекпен жүре бастаған. Ал 35 бала өздігінен жүріп кеткен.

Оң нәтижеге қол жеткізген балалардың қатарында 2018 жылы туған Мақан Ғалымжан да бар. Ғалымжан жобаға қосылған кезде аяқ бұлшықеттерінің әлсіздігіне байланысты өздігінен тұра алмайтын. Ол тек тірек арқылы тік тұра алатын.

Оңалту барысында Ғалымжанмен Pronestander вертикализаторы және MyWay жүріп-тұру құралы арқылы арнайы жаттығулар жүргізілді. Уақыт өте келе аяқ бұлшықеттері күшейіп, денесін тік ұстауы мен аяғына салмақ түсіруі жақсарды. Оңалту курсы аяқталған соң Ғалымжан қолдаудың көмегімен жүре бастайды.

Маңызды ерекшелік баламен жұмыс оңалту орталығында ғана емес, үйде де жалғасады. Ата-аналарға арнайы жаттығулар мен қажетті ұсыныстар беріледі. Олар жаттығулардың орындалуын цифрлық күнделікке белгілеп отырады. Ал мамандар баланың нәтижесін қашықтан бақылап, қажет болған жағдайда оңалту бағдарламасына өзгеріс енгізеді.

Мұндай тәсіл шалғайда тұратын отбасылар үшін тиімді. Бала жаттығуларын үйде жасай береді. Ал ата-аналар қажет кезде мамандармен қашықтан сөйлесіп, кеңес ала алады. Бұл оңалту орталығына қайта-қайта барып тұруды азайтады.

Бүгінде жоба жүзеге асырылып жатқан төрт өңірде 405 техникалық оңалту құралы пайдаланылуда. Бұған қоса, жобаны Батыс Қазақстан облысында іске қосу үшін 8 құрал-жабдық жіберілді.

Батыс Қазақстан облысында жоба биыл қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Ал Солтүстік Қазақстан және Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Ұлытау облысында жобаны жыл соңына дейін бастау көзделген. Қазір өңірлерде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қажетті оңалту құралдары сатып алынып, балаларға үйде көмек көрсетуге қажетті жағдайлар жасалып жатыр.

Жаңа өңірлерде жобаға қанша бала қатысатыны дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін анықталады. Балалар жобаға жеке тәртіппен іріктеледі. Бұл ретте баланың денсаулық жағдайы, оңалтудың мақсаты, қандай құрал-жабдық қажет екені және сатып алынған техникалық құралдардың нақты саны ескеріледі.

Жобаның тағы төрт өңірде іске қосылуы балалар мен олардың отбасыларына заманауи оңалту құралдары мен мамандардың көмегін үйден алуға мүмкіндік береді. Үй жағдайындағы оңалту мамандандырылған орталықтардағы көмектің орнын баспайды. Керісінше, орталықта үйренген жаттығулар мен дағдыларды үйде жалғастырып, бекітуге көмектеседі. Осылайша бала оңалту курстарының арасында да қажетті жаттығуларды үзбей орындай алады.