Мүфтият тойдағы даулы "уағызға" қатысты мәлімдеме жасады

0
305

ҚМДБ: Адамгершілікке үндейтін әндерге исламда рұқсат бар.


Мүфтият тойдағы даулы

фото: Рixabay/Simoneph

ERNUR.KZ. "Музыка – харам, әншілер – шайтанның азаншысы" деген ер адамның тойдағы "уағызынан" кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мәлімдеме жасады, деп жазады sputnik.kz.
Мүфтияттың хабарлауынша, ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді.
"Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз", - делінген мәлімдемеде.
ҚМБД адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайтынын атап өтті.
"Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар", - дейді мүфтияттағылар.
Бұған дейін желіде ер адамның тойда "еркектер мен ұрғашылардың бірге отыруы" дұрыс еместігін, сондай-ақ "әншілерді шайтанның азаншысы" деп тілектің орнына уағыз айтқан айтқан видеосы тараған еді. Бұл жағдай қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті.