Рульде белдік тақпау да күнә дейді ҚМДБ.
Фото: © freepik.com / silverkblack
ERNUR.KZ. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Исламдағы жол ережесінің мәдениеті туралы жазып, жұма уағызын осы тақырыпқа арнаған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бүгінгі жұма уағызының тақырыбын жол ережесіне арнаған Мүфтият исламдағы жүріп-тұру ережелеріне терең үңіліп, бірқатар ұсыныстар мен маңызды нәрселерді атап өткен.
«Бүгінгі тақырыбымыз аса өзекті әрі қоғамдағы әрбір адамға тікелей қатысты, жол жүру мәдениеті мен қауіпсіздігі және адам өмірінің исламдағы орны жайында болмақ. Біз күн сайын көшеде, жол үстінде жүреміз. Бірақ сол жүріс-тұрысымыз, көлік жүргізуіміз, өзгелермен қарым-қатынасымыз – мұсылман ретіндегі әдебіміз бен мінез-құлқымыздың айнасы іспетті»,- деп жазылған бүгінгі уағызда.
Жолдағы ереже мен жүргізушілердің амандығына қатысты бірінші ережені тарқатқан Мүфтият – көлік жүргізіп келе жатып белдік тақпау, рульде отырып телефонмен сөйлесу – күнә екенін жазған.
«Бірінші: жол ережесін сақтау – шариғат талабы. Жол ережесі – тек мемлекеттің заңы емес, ол – шариғатқа да сай талап. Себебі жолда тәртіп болмаса, қауіп туады. Ал қауіп адам жанын қатерге тігеді. Жол үстіндегі жауапкершілік те осы хадиске кіреді. Бір мұсылман рөлге отырғанда, ол көлік емес, адам өмірін басқаруға кіріседі. Жылдамдықты асыру, бағдаршамға бағынбау, белдік тақпау, телефонмен сөйлесу, жаяу жүргіншілерге жол бермеу мұның барлығы да тек өзінің емес, өзгенің де өміріне қауіп төндіреді. Бұл – құқық қана емес, бұл – күнәлі іс», - деп жазылған жұма уағызда.
Уағыз соңында Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетіне сай көлік жүргізудің де өзіндік тәртібі бар екенін айтып, бес тәртіпті бөліп көрсеткен екен. Олар:
- Көлікке отырарда дәретті болу. Яғни дәрет алып жүру.
- Көлікке мінерде бұл нығметтің берушісін, яғни Алла Тағаланы еске алу.
- Алланың бұл жақсылығын еске алғаннан кейін Пайғамбарымыз «бисмилләһи Аллаһу әкбар» деп қасиетті Құрандағы дұғаны оқу.
- Көліктің жылдамдығын шектен асырмау, қатты айдамау.
- Көлік қандайда бір кедергіге тап болғанда «бісмиллә» деп айту.
Айта кетейік, жуырда редакция Мүфтиятқа хат жазып, сол хаттың негізінде Қазақстанның діни басқармасы ChatGPT-ге қатысты пәтуа шығарған еді.