Мобильді аударымдарды тексеру: екі айдан кейін жаңа ереже күшіне енеді

0
141

Екі айдан кейін мобильді аударымдар "жаңа әдіспен" тексеріле бастайды.


Мобильді аударымдарды тексеру: екі айдан кейін жаңа ереже күшіне енеді

Midjourney

ERNUR.KZ. Қазақстанда мобильді аударымдарды тексерудің жаңа шарттары 2025 жылдың қыркүйегінен бастап күшіне енеді. Бұл туралы қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді, деп tengrinews.kz.

Біржановтің айтуынша, екі айдан кейін мобильді аударымдар "жаңа әдіспен" тексеріле бастайды.

"Бүгінде мобильді аударымдар мониторингі бойынша (ақпарат - еск.) келіп жатыр. Ол жерде басқа критерийлер болды. Қазір үшінші критерийді қарастыратын бұйрық дайын. Ол бүгінгі заң жобасынан кейін (салық мәселелері бойынша - еск.) қабылдануы керек еді. Заң қабылданды, ол 60 күн ішінде күшіне енеді. Соған сәйкес нормативтік құжат қабылдап, жұмыс істейміз. Қыркүйект жұмысын бастайды", - деді Ержан Біржанов.

Журналистер "туыстар арасындағы аударымдар тексеріле ме" деп сұрады. Вице-министр үш айда 100 түрлі адамнан ақша аударымдары болуы керек екенін айтты. Егер ақшаны, мысалы, балалар мен ата-аналары аударса, онда сома маңызды емес және тексеріс те болмайды.

"Егер анасы қызына, әкесіне, ағасына ақша аударса – ешқандай сұрақ туындамайды. Тіпті бұл 1-2 миллион теңге болса да, мәселе жоқ. Барлық критерий бір мезетте орындалуы керек, барлық шарт. Бірінші: 100 түрлі адам. Егер екі адам бір-біріне, тіпті 10 адам болса да... Енді сізге жыл сайын ақша аударатын 100 туысқаныңыз жоқ шығар. Онда бұл критерийге сәйкес келмейсіз. Екінші: егер 100 адам үш айда бір адамға ақша аударатын болса. Үшінші: сома 1 миллион теңгеден асқан жағдайда", – деп қосты Біржанов.

Қанша ақша аударуға болады?

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 3 ай ішінде мобильді аударымдар бойынша белгіленген шек – 12 ең төменгі жалақы (ЕТЖ), яғни 2025 жылы бұл 1 020 000 теңге. Бұл лимитті Қаржы министрлігі, Ұлттық банк және екінші деңгейлі банктер бірлесіп бекіткен. Алғашқыда бұл шек 255 мың теңге болуы ұсынылған еді.

Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген адамның шотына 3 ай ішінде 1 миллион теңгеден артық қаражат түссе және ол қаражат көптеген әртүрлі адамдардан келсе, салық органдары тексеріс жүргізе алады.

Сонымен қатар, тек басқа жеке тұлғалардан келген аударымдар есепке алынады.
Банкомат арқылы толықтыру, депозиттен аудару, жалақы және әлеуметтік төлемдер есепке алынбайды.