БАҚ өкілдері қаржы вице-министрінен азаматтар тұрақты түрде туыстарынан аударым алып отырса, не істеу керек екенін сұрады.
Коллаж: Kazinform
ERNUR.KZ. Қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл мобильді аударымдар бойынша 1 миллион теңге шектеу қою туралы бастамаға қатысты түсінік берді, деп жазады inform.kz.
Оның айтуынша, әңгіме үш ай ішіндегі мобильді аударымдардың жиынтық сомасына қатысты болып отыр.
— Бұл көрсеткіш Мемлекеттік кірістер комитеті тарапынан репрезентативті деректер негізінде қалыптастырылды. Әріптестер бұл соманы қауіпсіз деңгей деп санайды. Шешім алдын ала экономикалық саясат жөніндегі кеңесте мақұлданды. Бірақ, шешім әлі де талқыланып жатыр, — деді Дәурен Кеңбейіл Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ БАҚ өкілдері қаржы вице-министрінен азаматтар тұрақты түрде туыстарынан аударым алып отырса, не істеу керек екенін сұрады.
— Егер сіз кәсіпкер болмасаңыз және аударымның туыстарыңыздан түскенін түсіндіре алсаңыз, ешқандай сұрақ туындамайды. Бұл шектеу жүйелі түрде, оның ішінде бизнес аясындағы аударымдарға қатысты. Егер қаражаттың кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін растай алсаңыз, мәселе жоқ, — деп түсіндірді министрдің орынбасары.
Осы орайда Дәурен Кеңбейіл бизнес өкілдеріне мобильді аударым бойынша 1 млн теңге шегін белгілеудегі бастаманың мақсаты — көлеңкелі табыс көздерін заңдастыру және адал кәсіпкерлерді қорғау екенін атап өтті.