Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтады

0
570

Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлады.


Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтады

ERNUR.KZ. Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуына арналған салтанатты жиынға қатысушыларды құттықтады.

Қадірлі қауым!

Сіздерді Солтүстік Қазақстан облысының құрылғанына 90 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!

Осы уақыт ішінде Қызылжар өңірі дамудың даңғыл жолынан өтіп, шежірелі өлкеге айналды.

Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан еліміздің астықты аймағының бірі саналады. Дихандарымыз егіншілік кәсіптің қыр-сырын меңгеріп, мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор еңбек сіңіріп жүр.

Аймақта ауыл шаруашылығымен қатар өңдеу өнеркәсібі, машина жасау салалары қарқынды дамып келеді. Инвестициялық жобалар қолға алынып, өндіріс орындары іске қосылды. Мұның бәрі халықтың тұрмысын жақсартып, өңірдің одан әрі өркендеуіне ықпал ететіні анық.

Бұл өңірде күрделі кезеңде ел бірлігін сақтап, даналық пен көрегендік символына айналған әйгілі Абылай ханның ізі қалған. Солтүстік Қазақстаннан халқымызға, сондай-ақ бүкіл әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, мәдениет пен әдебиет саласының аса көрнекті өкілдері, еңбек ардагерлері, көптеген құрметті тұлғалар, әйгілі спортшылар мен құқық қорғау саласының білікті мамандары шықты.

Біз біртұтас әрі жасампаз ел ретінде ауқымды өзгерістерді табысты жүзеге асырып жатырмыз. Таяуда ғана ұлт дамуының темірқазығы саналатын Жаңа Конституциямыз заңды күшіне енді. Бас құжатта халқымыздың сан ғасырлық арман-мұраты мен келешекке бағдар болатын мызғымас құндылықтары нақты көрініс тапты.

Ата Заңды қабылдауға аймақ жұртшылығы да белсене қатысып, ауызбіршілік пен жауапкершіліктің озық үлгісін көрсетті. Облыста түрлі этнос өкілдері өзара құрмет пен достық дәстүрін сақтап, тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Берекелі өңір барлық жетістікке азаматтардың жасампаздық қуатының арқасында қол жеткізіп келеді. Сіздер алдағы уақытта да ел игілігін еселеуге атсалыса бересіздер деп сенемін.

Баршаңызға амандық, толағай табыс тілеймін!

Солтүстік Қазақстан облысы өсіп-өркендей берсін!