​Мектептегі төбелес адам өліміне әкеп соқты: 9-сынып оқушысы 6 жылға сотталды

0
102

Кәмелетке толмаған сотталушы Р., 9-сынып оқушысы, Тараз қаласындағы мектеп ғимаратында болған кезде, өзінің кәмелетке толмаған құрдасы А.-мен қақтығыс кезінде оған зорлық-зомбылық көрсеткен.


​Мектептегі төбелес адам өліміне әкеп соқты: 9-сынып оқушысы 6 жылға сотталды

Фото: ChatGPT/t.me/jambyl_sottary

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында мектеп оқушылары арасындағы жанжал адам өлімімен аяқталған іс бойынша үкім шықты, деп жазады inform.kz.
Жамбыл облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты абайсызда жәбiрленушiнiң өліміне әкеп соққан, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деп айыпталған кәмелетке толмаған Р.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Кәмелетке толмаған сотталушы Р., 9-сынып оқушысы, Тараз қаласындағы мектеп ғимаратында болған кезде, өзінің кәмелетке толмаған құрдасы А.-мен қақтығыс кезінде оған зорлық-зомбылық көрсеткен. Мойын жарақатының салдарынан жәбірленуші оқиға орнында көз жұмды. Сотталушының кінәсі куәлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот жаза тағайындау барысында сотталушының кәмелетке толмаған жасын, кінәні ішінара мойындауын және оң қырынан сипатталуын жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде қарастырды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмады.
— Сот үкімімен сотталушы Р. ҚК 106-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚК 81-бабының 7-бөлігі және ҚК 55-бабы 2-бөлігінің 2) тармағы негізінде 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ сот сотталушының заңды өкілдерінен жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге мөлшерінде моральдық зиян өндіріп алды. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — делінген сот таратқан ақпаратта.
Осыған дейін Жамбыл облысында жасөспірім мерт болғаны анықталды. Футбол матчынан кейін жеңілгенін мойындамаған үш жоғары сынып оқушысы дүкен артында кіші сынып оқушыларын жинап, оларды аяусыз соққыға жыққан.