Медициналық туризм форумы: Қазақстан – кардиохирургия мен трансплантология саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарында

0
86

Бүгінде қазақстандықтарға жүрекке жасалатын оталар, ағза ауыстыру және заманауи оңалту тәсілдері секілді жоғары технологиялы медициналық көмектің 80 түрі қолжетімді.


Медициналық туризм форумы: Қазақстан – кардиохирургия мен трансплантология саласындағы әлемдік көшбасшылардың қатарында

ERNUR.KZ. Бұл туралы Астанада өткен «Қазақстан Республикасындағы медициналық туризмді дамыту: болашағы мен мүмкіндіктері» атты алғашқы халықаралық конференция барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова атап өтті.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, Қазақстанның кардиохирургия қызметі әлемнің үздік 30 елінің қатарына кіреді. Соңғы 15 жылда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім үш есеге азайды.

Орталық Азия аймағындағы жетекші қазақстандық кардиохирургиялық клиника төмендегі халықаралық бағдарламалар бойынша сертификатқа ие:

• «Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі»
• «Жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау»

Бұл орталықтың есігін шетелдік науқастар үшін ашуға мүмкіндік берді.

Клиника мамандарының жетістіктері:

● 86 жүрек трансплантациясы
● 460 жасанды сол жақ қарыншаны имплантациялау
● 17 өкпе ауыстыру операциясы
● Толық жасанды жүректі имплантациялау және кейін жүрек трансплантациясы – 3 жағдай

Соңғы 10 жылда елімізде интервенциялық операциялардың саны 3 есеге артты. Қазіргі таңда Қазақстанда 42 коронарлық араласу орталығы және 89 ангиографиялық қондырғы жұмыс істейді. 2012 жылдан бері ашық жүрекке жасалатын операциялардың саны 2 есеге өсіп, қан айналымы жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің айтарлықтай төмендеуіне ықпал етті.

Қазақстанда трансплантологияны дамыту үшін барлық жағдай жасалған. Елде жыл сайын 250–260 бүйрек, бауыр және жүрек ауыстыру операциясы жасалады.

Денсаулық сақтау министрлігі заңнамалық базаны жетілдіру, донорлықты дамыту және трансплантациялық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында жұмыстарды жалғастыруда.